
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Қазақстандағы Еуропалық Одақтың елшісі Алешка Симкичпен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар ғылым және инновациялар саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.
Ерекше назар зерттеулер мен инновацияларды қаржыландыруға арналған ең ірі халықаралық бағдарлама – Horizon Europe бағдарламасы аясындағы өзара іс-қимылға аударылды. Қазақстанның бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеуі атап өтілді. 2023 жылдан бастап бағдарламаға қатысу жұмыстары Ұлттық үйлестіру орталығы арқылы орталықтандырылып, бұл қазақстандық ұйымдардың қатысуын кеңейтуге және өтінімдер санын едәуір арттыруға мүмкіндік берді.
Тараптар Қазақстанның ғылыми ұйымдарының еуропалық зерттеу бастамаларына қатысуын одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін, соның ішінде климат, жасанды интеллект, денсаулық сақтау және шикізат материалдары сияқты басым бағыттарды талқылады.
Министр ғылымның дамуы халықаралық ынтымақтастық пен серіктестік деңгейіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдерінің университеттері мен ғылыми орталықтары арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға ерекше мән беріліп жатыр.
Сондай-ақ Қазақстанның ЕО-ның «Жасыл және цифрлық көшуге арналған шикізат материалдары бойынша серіктестік» бастамасына қатысу перспективалары және алғашқы табысты нәтижелер – қазақстандық жоғары оқу орнының Horizon Europe TiBeRIUM жобасында жеңіске жетуі ерекше атап өтілді.
Тараптар алдағы бірлескен іс-шараларды да талқылап, серіктестікті одан әрі тереңдетуге өзара қызығушылықтарын растады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.