
Қозыбаев университетінің зерттеушілері Американдық генетикалық қоғам шығаратын беделді G3: Genes, Genomes, Genetics журналында жарияланған ірі серпінді геномдық жобаға елеулі үлес қосты.
«Сауд Арабиясының екі жыртқыш құсының геномдық ресурстары: Falco biarmicus және Falco peregrinus» атты зерттеу екі сұңқар түріне арналған жоғары сапалы хромосомалық деңгейдегі геномдық жинақтарды ұсынады. Бұл биоәртүрлілік, эволюция және табиғатты қорғау геномикасы саласындағы ғылыми зерттеулер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Жобаны Қазақстан, Америка Құрама Штаттары және Сауд Арабиясының жетекші ЖОО ғалымдары бірлесіп жүзеге асырды.
Қозыбаев университетінің Халықаралық кампусындағы профессор, жобаның алғашқы авторы Андреа Зукколо зерттеуде жетекші ғылыми рөл атқарды. Ғылыми топ құрамында Аризона университеті мен KAUST университетінің әлемге әйгілі геномист-ғалым Род Винг, Король Сауд атындағы университетінің профессоры Абдулвахед Фахад Альрефай және Қозыбаев университетінің Агроқұзыреттілік орталығының дақылдарды өндіру жөніндегі ғылыми үйлестірушісі доктор Сәуле Мусурова бар.
Қазақстандық ғалымдардың бұл жобаға қатысуы Қозыбаев университетінің геномика және биоинформатика саласындағы зерттеулерінің жаһандық деңгейде дамып келе жатқанын, сондай-ақ университеттің әлемдік ғылыми желілерге табысты интеграцияланғанын көрсетеді.
Қазіргі уақытта профессор Андреа Зукколо Қозыбаев университетінің тағы бір жобасы – «Ұлттық қазына геномикасы» аясында сирек кездесетін жануарларды зерттеу бағытында жұмыс істейді. Ол геномдық зерттеу саласындағы тәжірибесін пайдаланып, University of Leeds (Ұлыбритания) және Каспий итбалықтарын зерттеу және оңалту орталығымен (Қазақстан) бірлесіп, әлемде алғаш рет Каспий итбалығының геномын құрастыру жобасын жүзеге асырып жатыр.
Зерттеу жойылып бара жатқан түрді сақтап қалуға және халықтың генетикалық денсаулығын зерттеуге бағытталған.