Қазақстандық талапкерлер Әзербайжан грантын иеленді

Қазақстандық талапкерлер Әзербайжан грантын иеленді

Қазақстандық талапкерлер Әзербайжан грантын иеленді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Farabi Hub инновациялық орталығында «Study in Azerbaijan» атты халықаралық білім көрмесі өтіп жатыр. Шараға Әзербайжанның 25-ке жуық жетекші университеті қатысып, өздерінің білім беру бағдарламалары мен ғылыми жетістіктерін таныстырып жатыр.

Айтулы шараны Әзербайжан Республикасының Ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев пен ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов арнайы аралап көрді. Көрме жұмысымен танысқан ресми өкілдер қатысушы жоғары оқу орындарының әлеуетіне жоғары баға берді. Кездесу аясында екі ел арасындағы академиялық ұтқырлықты кеңейту, қосдипломды білім беру бағдарламаларын дамыту және ғылыми әріптестікті нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.

Көрме барысында талапкерлер мен студенттерге Әзербайжан университеттерінде білім алу мүмкіндіктері, гранттық бағдарламалар мен қабылдау талаптары туралы жан-жақты ақпарат беріледі. Шараға Алматы мектептерінің оқушылары белсенді қатысып, шетелдік ЖОО өкілдерімен тікелей тілдесуге мүмкіндік алды.

Шара аясындағы ең тартысты кезең қатысушылар арасында ұйымдастырылған арнайы ұтыс ойыны болды. Ұтыс қорытындысы бойынша екі қазақстандық талапкер Сумгаит мемлекеттік университеті ұсынған білім грантын иеленді. Сонымен қатар бірқатар қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталып, Әзербайжанның жоғары оқу орындарында алты айлық тегін тағылымдамадан өтуге жолдамалар берілді.

Айта кету керек, халықаралық көрме 8 сәуір де өз жұмысын жалғастырады. Келушілер шетелдік жоғары оқу орындарының білім беру мүмкіндіктерімен танысып, болашақ мамандығын таңдауға мүмкіндік алады.