Қазақстанда Әзербайжан жоғары оқу орындарының көрмесі басталды

Қазақстанда Әзербайжан жоғары оқу орындарының көрмесі басталды

Қазақстанда Әзербайжан жоғары оқу орындарының көрмесі басталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Farabi Hub инновациялық орталығында «Study in Azerbaijan» атты Әзербайжан жоғары оқу орындарының халықаралық көрмесі салтанатты түрде ашылды. Екі күнге жоспарланған шара екі ел арасындағы білім мен ғылым саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуды көздейді.

Көрменің ашылу рәсіміне ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Әзербайжан  Республикасының Ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев, сондай-ақ екі мемлекеттің жетекші ЖОО ректорлары мен білім саласының сарапшылары қатысты.

Халықаралық шараға Әзербайжанның 25-ке жуық үздік университеті қатысып жатыр. Талапкерлер мен студенттер білім беру бағдарламалармен, академиялық мүмкіндіктермен және ғылыми жетістіктермен таныса алады. Көрме аясында гранттар, академиялық ұтқырлық, қосдипломды білім беру және оқуға қабылдау шарттары бойынша егжей-тегжейлі кеңестер беріледі.

Жиын барысында министр Саясат Нұрбек бұл бастаманың екіжақты байланыстың логикалық жалғасы екенін атап өтті.

«Өткен жылы Әзербайжанда ұйымдастырылған «Study in Kazakhstan» көрмесіне 2500-ден астам талапкерлер қатысып, үлкен қызығушылық танытты. Сол сапар барысында 80-ге жуық маңызды келісімге қол жеткізген болатынбыз. Бүгінгі шара – жемісті ынтымақтастықтың нәтижесі. Әзербайжан үкіметі қазақстандық талапкерлерге арнайы гранттар ұсынып отыр. Бұл біздің жастарымыз үшін халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтап, білімін шыңдауға ашылған үлкен мүмкіндік», – деді министр.

Өз кезегінде Эмин Амруллаев білім саласындағы интеграцияның маңызына тоқталды.

«Қазақстан мен Әзербайжан – тарихы мен мәдениеті тамырлас мемлекеттер. Білім саласындағы әріптестік осы рухани жақындықты нығайта түседі. Біз қазақстандық студенттерге сапалы білім мен заманауи мүмкіндіктер ұсынуға дайынбыз. Мұндай алаңдар жастарға болашақ мамандығын дұрыс таңдап, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға көмектеседі», – деді Э.Амруллаев.

Айта кетейік, көрме 7-8 сәуір күндері ҚазҰУ-дың Farabi Hub орталығында жалғасады. Кез келген талапкер Әзербайжан университеттеріне оқуға түсу шарттары мен гранттық бағдарламалар туралы толық мәліметті тікелей өкілдерден ала алады.