Алматыда Қазақстан мен Әзербайжан жоғары оқу орындары ректорларының II форумы өтті

Алматыда Қазақстан мен Әзербайжан жоғары оқу орындары ректорларының II форумы өтті

Алматыда Қазақстан мен Әзербайжан жоғары оқу орындары ректорларының II форумы өтті

6 сәуір күні Алматы қаласында Innotech powered by Arizona State University жаңа кампусы базасында Қазақстан мен Әзербайжан жоғары оқу орындары ректорларының II форумы аясындағы негізгі іс-шаралар өтті.

Бағдарлама аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Әзербайжан Республикасының Ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев қатысуымен жоғары оқу орындарының басшылары мен салалық ведомстволар өкілдерін қамтыған екіжақты кездесу өтті. Тараптар жоғары білім беру саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуға қатысты өзекті мәселелерді, соның ішінде академиялық ұтқырлықты, бірлескен білім беру бағдарламаларын және әріптестік байланыстарды кеңейтуді талқылады.

Сондай-ақ екі елдің жетекші жоғары оқу орындарының басшыларын біріктірген ректорлар форумы өтті. Форумның ашылуында министр Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы академиялық байланыстарды нығайтудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

«Біз үшін осындай мәртебелі делегацияны қабылдау және алғашқы форум аясында басталған мазмұнды диалогты жалғастыру – үлкен мәртебе. Өткен жыл екіжақты ынтымақтастықты дамытуда маңызды кезең болды. Іске асырылған бастамалар академиялық өзара іс-қимылға жаңа серпін беріп, екі елдің білім беру мүмкіндіктеріне деген өзара қызығушылықты арттырды», – деді министр.

Оның айтуынша, өткен кезеңде екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы әріптестік байланыстар айтарлықтай кеңейді.

«Қазіргі таңда Қазақстанның 62 жоғары оқу орны Әзербайжанның 81 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан, барлығы 188 келісім жасалған. Бүгінгі форум аясында Әзербайжанның 18 жоғары оқу орны мен Қазақстанның 29 жоғары оқу орны арасында 63 жаңа меморандумға қол қою жоспарланған», – деп хабарлады Саясат Нұрбек.

Министр академиялық ұтқырлық пен студенттер алмасуының өсіп келе жатқанын да атап өтті:

«2025 жылғы қорытынды бойынша Қазақстанның 58 жоғары оқу орнында Әзербайжанның 333 азаматы білім алып жатыр. Өз кезегінде Әзербайжан университеттерінде 164 Қазақстан азаматы оқып жатыр. Академиялық ұтқырлық та қарқынды дамып келеді. Мәселен, 2025 жылы Қазақстанның 142 студенті Әзербайжан жоғары оқу орындарында білім алды», – деді ол.

Сондай-ақ ведомство басшысы ынтымақтастықтың жүйелі сипатына назар аударды:

«Білім беру саласындағы қолданыстағы үкіметаралық келісім академиялық ұтқырлықты және кадр даярлауды тұрақты дамытуға берік негіз қалыптастырады. Мұның барлығы елдеріміз арасында бірыңғай академиялық кеңістіктің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді», – деп атап өтті министр.

Форум аясында Satbayev University, Baku State University, Azerbaijan State University of Economics, Amanzholov University және басқа да жоғары оқу орындарының ректорлары баяндама жасады. Innotech powered by Arizona State University атынан провост Шыңғыс Нұрланов сөз сөйледі.

Іс-шара қорытындысы бойынша академиялық алмасуды, ғылыми ынтымақтастықты және бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қою рәсімі өтті.

Форумның Innotech powered by Arizona State University базасында өтуі жаңа кампустың халықаралық академиялық өзара іс-қимыл алаңы ретіндегі рөлін айқындайды. Arizona State University серіктестігімен құрылған кампус ресми ашылуға дайындалып, қазірдің өзінде мемлекеттік және академиялық көшбасшылардың қатысуымен іс-шараларды қабылдайды.

Іс-шаралардың жалғасы ретінде 2026 жылғы 7-8 сәуір күндері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында «Study in Azerbaijan» білім беру көрмесі өтеді. Көрменің негізгі мақсаты – талапкерлерді Әзербайжанда жоғары білім алу мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру, сондай-ақ екі ел арасындағы академиялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту және нығайту.

Айта кету керек, қазақстандық тарап 2025 жылы Әзербайжанда «Study in Kazakhstan» көрмесін ұйымдастырған болатын.