Kozybayev University агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша жобаларды ұсынды

Kozybayev University агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша жобаларды ұсынды

Kozybayev University агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша жобаларды ұсынды

Қозыбаев университеті қытайлық серіктестерімен бірлесіп, 2026 жылғы көктемгі егіс науқанына дайындық аясында ұйымдастырылған семинар-кездесуде өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бірқатар жобаларды таныстырды. Петропавлда өткен ауқымды іс-шараға мемлекеттік органдардың, ғылыми қоғамдастықтың, бизнестің және халықаралық сарапшылардың өкілдері жиналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешені экономиканың жоғары технологиялық әрі бәсекеге қабілетті секторына айналуы тиіс екенін атап өтті. Бұл міндет ең ірі ауылшаруашылық аймақтарының бірі – Солтүстік Қазақстан облысы үшін ерекше маңызды.

Агробизнес пен жергілікті атқарушы органдар арасындағы диалог форматы қазіргі қиындықтарды талқылауға және әлемдік тәжірибе мен заманауи ғылыми тәсілдерге негізделген практикалық шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.

Қозыбаев университеті көптеген жылдар бойы ауылшаруашылық кәсіпорындарымен және мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, ғылыми қолдау көрсетіп келеді. Семинар барысында университет қытайлық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан екі жобаны ұсынды.

Бірінші жоба – Солтүстік Қазақстан облысында Қытайдың Хэннань ауыл шаруашылығы инвестициялық холдингімен бірлесіп Қазақстан-Қытай ауыл шаруашылығы орталығын құру. Жоба заманауи егін шаруашылығы шешімдерін енгізуді жеделдетуге бағытталған озық агротехнологиялардың кешенді демонстрациялық паркін құруды көздейді. Парк өңірдің топырақ-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, жүгері, бидай, соя, майлы және бұршақ дақылдарының сорттары мен будандарын іріктеп, сынақтан өткізеді. Бұл ретте өнімділік пен шығындардың тиімділігіне басымдық беріледі.

Жоба толық технологиялық циклді қамтиды: өндірістік алаңдар, бастапқы өңдеу нысандары, ғылыми-зерттеу зертханалары, сондай-ақ жатақханасы бар әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылым қарастырылған. Орталық 55 гектар аумақта орналасып, заманауи ауыл шаруашылығы технологияларын енгізу және тарату алаңы болады. Бұл зерттеу, өндіріс және кадр даярлау үдерістерін бір жерде біріктіруге мүмкіндік береді. Егіс жұмыстары биыл басталып, толық инфрақұрылымды іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланған. Жобаны қытайлық тарап шамамен 5 млн АҚШ доллары көлемінде қаржыландырады.

Екінші жоба – Қытайдың Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен бірлесіп Солтүстік Қазақстан облысында сүтті бағыттағы ірі қара мал өсіру станциясын құру. Семинарға серіктес университеттің профессоры Джан Джолианг қатысты. Жоба импорттық ұрыққа тәуелділікті азайтып, сүт өндірісі мен сапасын арттыруға, табындағы генетикалық ілгерілеуді жеделдетуге және өңірде тұрақты асылдандыру жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба аясында Kozybayev Labs кешені ашылып, «Агрохимиялық талдау» және «Су сапасын бағалау» зертханалары жұмысын бастады.

Аталған бастамалар агроөнеркәсіп кешенін ғылыми негізде технологиялық жаңғыртуға бағытталған бірыңғай платформаны қалыптастырады.