
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Erasmus+ бағдарламасының қолдауымен «Textile Manufacturing for the Future in Uzbekistan and Kazakhstan» (TEX4FUTURE) тоқыма материалдарын сынау орталығы ашылды. Бұл орталық – тоқыма және тігін өнеркәсібі үшін заманауи ғылыми-практикалық орталық ретінде қызмет ететін бірегей жоба.
Жаңа орталық отандық тоқыма зауыттары мен тігін фабрикаларына инновациялық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, текстиль және жеңіл өнеркәсіп бағытында білім алып жатқан студенттер, магистранттар мен докторанттардың ғылыми жұмыстарын заманауи жабдықтармен орындауына жол ашады. Бұл – білім мен өндірістің тығыз байланысын нығайтатын маңызды қадам.
Жоба аясында мұндай орталықтардың тағы бірі Тараз қаласында, ал екеуі Өзбекстанда ашылуы жоспарланған. Ерекшелігі – төрт орталықтың әрқайсысы тоқыма саласының түрлі бағыттары бойынша арнайы жабдықталып, бір-бірін толықтыратын болады. Бұл өз кезегінде тәжірибе алмасуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға кең мүмкіндік береді.
Аталған орталық TEX4FUTURE халықаралық жобасы шеңберінде ашылды. Ашылу рәсімі жоба консорциумының ІХ кездесуі аясында ұйымдастырылып, маңызды стратегиялық кезеңдердің бірі ретінде бағаланды. Іс-шараға Грекия, Румыния, Түркия және Өзбекстан елдерінің жетекші университеттерінің өкілдері, сондай-ақ Қазақстаннан Тараз университетінің делегациялары қатысты. Сонымен қатар еліміздің жеңіл өнеркәсібін дамытуға атсалысып жүрген салалық қауымдастықтар мен Erasmus+ серіктес компанияларының өкілдері де белсенді қатысушылар қатарында болды.
Жобаның басты мақсаты – Еуропаның озық тәжірибелері мен заманауи технологияларын енгізу арқылы Қазақстан мен Өзбекстанның тоқыма және тігін өнеркәсібіне жоғары білікті мамандар даярлау. Сонымен бірге білім, ғылым және өндірісті біріктіретін «білім үшбұрышы» қағидаты негізінде саладағы серіктестікті күшейту көзделген.
TEX4FUTURE орталығының ашылуы өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің дамуына серпін беретін, халықаралық деңгейдегі ғылыми-инновациялық ынтымақтастықты жаңа сатыға көтеретін ауқымды әрі маңызды бастама болмақ.