МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНА ЖОҒАРЫ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ САЛАСЫН ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ БАСТАМАЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНА ЖОҒАРЫ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ САЛАСЫН ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ БАСТАМАЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНА ЖОҒАРЫ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ САЛАСЫН ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ БАСТАМАЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысына жоғары білім мен ғылым саласында жаңа Конституцияның құндылықтары мен нормаларын іске асыру тәсілдері туралы баяндады.

Кездесу барысында Конституцияның Қазақстанның білімге негізделген экономикаға стратегиялық бетбұрысын айқындайтын идеологиялық құжат екені атап өтілді. Мемлекеттік саясаттың өзегінде азаматтардың зияткерлік әлеуетін дамыту, кәсіби құзыреттерін арттыру, зерттеушілік мәдениетін қалыптастыру және жаңа технологияларды игеру қабілетін күшейту мәселелері тұр.

Министр аталған бағыттар бойынша ведомство тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Біріншіден, білімді бағалаудың жаңа моделіне көшу арқылы мектептен бастап өндіріс саласына дейінгі барлық кезеңді қамтитын адами капиталды басқарудың тұтас жүйесін қалыптастыру көзделген.

Екіншіден, конституциялық мәдениетті қалыптастыруға басымдық беріледі. Осыған байланысты жоғары оқу орындарындағы барлық білім беру бағдарламаларын жаңарту жоспарланған. Жаңа Конституция бойынша әдістемелік ұсынымдар мен ғылыми түсіндірмелерді әзірлеу аяқталуға жақын. Сонымен қатар Конституцияға қатысты әлеуметтік-саяси білім модулі міндетті компонент ретінде енгізіледі.

Үшіншіден, Үкімет тарапынан еліміздің барлық өңірлеріндегі 73 мыңнан астам кәсіпорынды қамтыған ауқымды сауалнама жүргізілді. Оның нәтижелері негізінде білім беру бағдарламаларының мазмұны қайта қаралып, өңірлік экономикалардың ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың жаңа моделіне көшу жүзеге асырылатын болады.

Бұл ретте педагогикалық жоғары оқу орындарын қолдауға ерекше басымдық беріледі.

Төртіншіден, инновациялық саясаттың жеке тұжырымдамасы әзірленуде, оның ішінде ғылым қалашықтарын дамыту көзделген. Негізгі тәсілдер 31 наурызда өткен Үкімет отырысында мақұлданды.

Бесіншіден, жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған ұлттық қозғалыс іске қосылады. Қазіргі уақытта AI-Sana бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр, оның аясында 673 мыңнан астам студент білім алды.

Сонымен қатар биыл қыркүйекте Президент тапсырмасына сәйкес жасанды интеллект саласындағы қолданбалы зерттеулердің негізгі әдістемелік орталығы болатын мамандандырылған зерттеу университетін іске қосу жоспарланған.

Мемлекет басшысы жоғары білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және оларды коммерцияландыру, инновациялық қызметті ынталандыру, инфрақұрылым мен шетелдік университет филиалдарының жұмысын жетілдіру бойынша бірқатар тапсырма берді.