ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында «Қазақстандық ғалымдарды танисыз ба?» атты жаңа танымдық айдарын бастайды.
Аталған айдар аясында еліміздің көрнекті ғалымдарының ғылыми жетістіктері, олардың зерттеу бағыттары мен қоғамға қосып жатқан үлесі кеңінен таныстырылады. Жоба қазақстандық ғылымның әлеуетін насихаттауға, жас ұрпақты ғылымға қызықтыруға және отандық ғалымдардың еңбегін дәріптеуге бағытталған.
Қазақстанда ғылым мен өндірісті ұштастырып, нақты нәтижеге қол жеткізіп жүрген ғалымдардың бірі – PhD докторы, зерттеуші профессор, Сәтбаев университетінің түлегі Руслан Нұрлыбаев. Ол химиялық технологиялар мен өнеркәсіптік экология бағытында жұмыс істеп, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы жаңа буын құрылыс материалдарын әзірлеу жобасын жүзеге асырып келеді.
Ғалымның ғылыми қызметі Сәтбаев университетімен тығыз байланысты. Әр жылдары университеттің ғылыми және инновациялық құрылымдарында қызмет атқарып, бүгінде зерттеуші профессор ретінде жұмысын жалғастырып келеді. Сонымен қатар ол «SAVENERGY» ЖШС құрылтайшысы әрі басшысы ретінде ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізумен айналысады. Оның ғылыми еңбектері наноматериалдар мен бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы салаларын қамтиды.
Руслан Нұрлыбаев жетекшілік ететін ғылыми топ өндірістік қалдықтарды тиімді пайдалануға негізделген құрғақ құрылыс қоспаларын әзірледі. Жобаның басты ерекшелігі – жергілікті минералдық шикізат пен қайта өңделген қалдықтарды пайдалану арқылы экологиялық әрі экономикалық тұрғыдан тиімді өнім шығару. Бұл технологиялар патенттермен қорғалған, ал дайын өнімдер ұлттық стандарттарға сай және нарықта сұранысқа ие.
Ғылыми жоба аясында тек технология әзірленіп қана қоймай, оны өндірістік деңгейде енгізу де жүзеге асырылды. Сонымен қатар зерттеу жұмыстарына магистранттар мен докторанттар белсенді қатысып, ғылым мен білімнің интеграциясы қамтамасыз етіледі.
Осы ғылыми әзірлемелердің нәтижесінде Алматы қаласында өндірістік қалдықтар негізінде құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын жаңа зауыт ашылады. Кәсіпорын толық автоматтандырылған, жылына 20 мың тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Нәтижесінде шамамен 30 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі. Зауыттың ресми ашылуы 2026 жылғы 6 сәуірге жоспарланған.
Бұл жоба – отандық ғылымның нақты өндірістік нәтижеге айналғанының айқын дәлелі. Ал сіз осындай қазақстандық ғалымдарды танисыз ба?