Nazarbayev University-де өткен Integrity Forum-ға 300-ден астам студент қатысты

Nazarbayev University-де өткен Integrity Forum-ға 300-ден астам студент қатысты

Nazarbayev University-де өткен Integrity Forum-ға 300-ден астам студент қатысты

Nazarbayev University-де жыл сайынғы Integrity Forum өтіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам студент жиналды. Форум қазіргі қоғамдағы маңызды тақырыптардың бірі – қамқорлық мәдениетін талқылауға арналды. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері мен университет басшылығы қатысты.

ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан өз сөзінде министрлік атынан қатысушылар мен қонақтарды құттықтады:

«Жоғары оқу орындарында біз ең алдымен академиялық білім береміз. Дегенмен әр студент болашақта өз елінің лайықты азаматына айналуы тиіс екенін ұмытпауымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бүгінгі жастар Абай Құнанбайұлының «Толық адам» тұжырымдамасына сай жан-жақты дамыған, біртұтас тұлға болуы қажет. Қазіргі таңда біз дәл осындай түлектерді тәрбиелеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз».

Форумға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Maqsut Narikbayev University-дің, Қазақ ұлттық өнер университетінің, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің және басқа да жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Nazarbayev University президенті доктор Вакар Ахмад өз сөзінде:

«Integrity – университетіміздің негізгі құндылықтарының бірі. Ол тек академиялық адалдық пен ережелерді сақтаумен шектелмейді. Бұл біздің күнделікті шешімдерімізде, бір-бірімізге деген қарым-қатынасымызда және құрып жатқан қоғамымызда көрініс табады. Сондықтан биылғы «Жеке және қоғамдық қамқорлық мәдениеті» тақырыбы ерекше өзекті. Сондай-ақ форумның Наурыз мейрамы кезінде өтуі – жаңару, бірлік пен жаңа мүмкіндіктердің символы», – деп атап өтті.

Форумның бірінші күні студенттер алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша воркшопқа қатысып, мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Екінші күні қатысушылар екі бағытқа бөлініп, жеке қамқорлық (personal care) және қоғамдық қамқорлық (community care) тақырыптарында панельдік сессияларға қатысты. Үшінші күні жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайтын кейс-чемпионат өтті. Оның мақсаты – студенттерге теориялық білімдерін тәжірибелік шешімдерге айналдырып, университеттік ортада қамқорлық мәдениетін нығайтуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік беру.

35 команда арасынан финалға 17 команда өтіп, олар өз жобаларын қазылар алқасына ұсынды. Integrity Case Championship жеңімпаздары:

🔹1-орын: DALND, Nazarbayev University (500 000 теңге)

🔹2-орын: Backbone, Nazarbayev University (300 000 теңге)

🔹3-орын: Powerpuff girls, Maqsut Narikbayev University (200 000 теңге)

Форум жастар арасында қамқорлық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындап, тәжірибе алмасу, жаңа идеяларды дамыту және еліміздің әр өңірінен келген студенттер арасында байланыс орнату алаңына айналды.