ТАРАЗДА БИОТЕХНОЛОГИЯ САЛАСЫН ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА ТЕТІКТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТАРАЗДА БИОТЕХНОЛОГИЯ САЛАСЫН ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА ТЕТІКТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТАРАЗДА БИОТЕХНОЛОГИЯ САЛАСЫН ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА ТЕТІКТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Дулати университетінің басшылығы мен «Shengtai Biotech Co. Ltd» компаниясының өкілдері кездесіп, стратегиялық серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады. Кездесуге компания тарапынан «Shengtai Biotech» ЖШС бас директоры Вань Яндунь және кадрлар бөлімінің басшысы Ся Киян қатысты. Университет тарапынан Директорлар кеңесінің төрағасы Бақтыбай Қасымбеков, Басқарма төрағасы - ректор Ләззат Еркінбаева, Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректор Рысгүл Құдретуллаева, сондай-ақ Технологиялық факультеттің деканы Әбілхан Садибаев қатысты.

Кездесу барысында тараптар Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаның іске асырылу барысын және ғылыми ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру жолдарын қарастырды.

Жүгеріні терең өңдеуге бағытталған зауыт Fufeng Group корпорациясының қолдауымен салынып жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталып, жоба қарқынды түрде іске асырылып келеді. Бірінші кезеңде жылына 3 миллион тонна жүгері өңдеу жоспарланса, екінші кезеңде бұл көрсеткіш 5 миллион тоннаға дейін ұлғайып, кәсіпорын Орталық Азиядағы ең ірі биоферментация базасына айналады.

Зауытта валин, изолейцин, лейцин және глютамин секілді өнімдер өндіріліп, халықаралық нарыққа шығарылады. Жоба аясында 1500 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Сонымен қатар жылына 1 миллион тонна көмір өндіретін «Андасай» кен орнын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында университет 220 маман даярлауды жоспарлап отыр. Олардың қатарында биотехнологтар мен химиктермен қатар тау-кен инженерлері, геологтар және маркшейдерлер бар.

Бұдан бөлек, оқу орнында халықаралық компанияның индустриялық кафедрасын ашу және биотехнология бағыты бойынша академиялық кемелділік орталығын құру жоспарланған. Аталған орталық білім беру бағдарламаларын өндірістік талаптарға бейімдеуге мүмкіндік береді.

Кездесу аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға бағытталған жаңа қаржыландыру тетіктері де талқыланды. Атап айтқанда, университет жанынан эндаумент қорын құру және жер қойнауын пайдаланушылар табысының 1 пайызын ғылыми зерттеулерге бағыттау ұсыныстары қарастырылды.

Осылайша, жүзеге асырылып жатқан бастамалар ғылым, білім және өндіріс арасындағы тиімді байланысты қалыптастырып, өңір экономикасының дамуына оң серпін береді.