Бүгін, 27 наурызда, Шымкент қаласында Digital Qazaqstan 2026 форумы өтті. Форум аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «AI-Sana: Болашақ экономикасы үшін адами капиталды қалыптастыру» тақырыбында панельдік сессиясы және жоғары оқу орындарының стартап-жобалары көрмесі ұйымдастырылды.
Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдер мен бақылаушы мемлекеттердің үкімет басшылары Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына орай ұйымдастырылған форумның цифрлық жобалар көрмесін тамашалады. Олар мемлекеттік басқару, өнеркәсіп және қалалық инфрақұрылым салаларында қолданылатын жасанды интеллект әзірлемелерімен танысты.
Премьер-министр Олжас Бектенов өз сөзінде цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Қазақстанда әлемдік TOP-500 рейтингіне енген өңірдегі ең ірі Alem.Cloud және AL Farabium суперкомпьютерлік кластерлері іске қосылған.
Премьер-министр Мемлекет басшысы адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. AI-Sana бағдарламасы аясында бір миллионға жуық азамат жасанды интеллект дағдылары бойынша оқытылды. Мектептегі TUMO орталықтарынан бастап технологиялық кәсіпкерлерді даярлау бағдарламаларына дейінгі толыққанды білім беру экожүйесі қалыптасып келеді. Google for Startups секілді халықаралық серіктестермен бірлесіп акселерациялық бағдарламалар жүзеге асырылады.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун 35 мемлекеттік қызметті қамтитын AlemGPT мультиагенттік платформасын және Ұлттық жасанды интеллект платформасы жобасын қоса алғанда инфрақұрылымдық бастамаларды таныстырды.
Министрліктің сессиясы жасанды интеллект саласына білікті кадрлар даярлауға бағытталған «AI-Sana» ұлттық бағдарламасын іске асыру мәселелеріне арналды.
Талқылау барысында жасанды интеллект экономикасы үшін кадр даярлау тетіктері, жоғары оқу орындары, технологиялық компаниялар мен индустриялық серіктестердің өзара іс-қимылы, сондай-ақ студенттердің бизнес және мемлекеттік ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалары қарастырылды.
Панельдік сессия спикерлерінің қатарында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова сөз сөйледі.
«Алғаш рет өткізіліп отырған форум экономиканы цифрландыруға, жасанды интеллект технологияларын енгізуге және өңірлік дамуды жеделдетуге бағытталған маңызды ұлттық алаңға айналмақ. Форум аясында жоғары оқу орындарының стартап-жобалары көрмесінде түрлі салаларда жасанды интеллектіні қолдануға негізделген инновациялық шешімдер ұсынылды. Бұл жобалар ғылым мен білімнің ықпалдасуын нығайтып, жаңа технологияларды экономиканың нақты секторына енгізуге серпін береді», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ жетекші шетелдік университеттердің филиалдарын дамыту, жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру және өңірлерді академиялық білім беру орталықтарына айналдыру мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, форум аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Alageum Electric» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Digital Qazaqstan 2026 халықаралық цифрлық форумы шеңберінде Digital Qazaqstan Awards сыйлығы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Стартап-аллеяда жоғары оқу орындарының стартап-жобалары мен жасанды интеллект технологияларын әртүрлі салаларда қолдануға бағытталған инновациялық әзірлемелер ұсынылды.
Атап айтқанда, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Auezov AI First» (AI-жобаларды біріктіруге арналған платформа) және «Smart Horse Racing AI» (жарыс барысындағы жылқы қозғалысын талдау жүйесі) жобалары; Қ.А.Ясауи атындағы университеттің «AI-JAN» (цифрлық қауіптерден қорғау платформасы) жобасы; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «AI Startify Incubator» (стартаптарды қолдаудың ұлттық платформасы) жобасы таныстырылды.
Сонымен қатар Қазақстан-Британ техникалық университетінің «KMG.AIAN» (мұнай-газ саласына арналған аналитикалық жүйе), Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «PhishGuard» (фишингтен қорғау платформасы), Қарағанды медицина университетінің «AI-MedVoice» (медициналық құжаттаманы автоматтандыруға арналған ассистент), Энергетика университетінің «Ushqyn AI Operator» (өтініштерді автоматты өңдеу жүйесі), сондай-ақ AI Coventry University Kazakhstan жобалары ұсынылды.
Бұдан бөлек, Астана университетінің «Cortex AI» (клиникалық шешімдерді қолдау жүйесі), Нархоз университетінің «ITEQ» (қаржылық транзакцияларды талдау платформасы) және Тәшенев университетінің «ChemLab.AI» (химиялық процестерді модельдеуге арналған AI-платформа) жобалары таныстырылды.
Ұсынылған жобалар жасанды интеллект технологияларын түрлі салаларда қолданудың нақты мысалдарын көрсетіп, отандық ғылым мен білім беру жүйесінің жоғары әлеуетін дәлелдейді. Форум қатысушыларына адами капиталды дамыту, цифрлық трансформация және жасанды интеллектіні енгізу бағытындағы өзекті тәжірибелер мен шешімдер ұсынылды.