
QS Quacquarelli Symonds жоғары білім саласындағы халықаралық талдамалық агенттігі QS World University Rankings by Subject 2026 рейтингін – әлемнің үздік университеттерінің пәндік рейтингтерінің 16-шығарылымын жариялады. 2026 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындары өз позицияларын нығайтып, өңірлік тарихи рекорд орнатты және жаһандық рейтингтердегі қатысу ауқымын кеңейтті. Бұл ұлттық жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігінің артқанын айқын көрсетеді.
QS пәндік рейтингтері 100 ел мен аумақтағы 1900 университет ұсынатын 21 000-нан астам білім беру бағдарламасына жүргізілген тәуелсіз салыстырмалы талдауға негізделген. Рейтинг 55 пәнді және бес кең пәндік бағытты қамтиды: «Өнер және гуманитарлық ғылымдар», «Инженерия және технологиялар», «Өмір туралы ғылымдар және медицина», «Жаратылыстану ғылымдары», сондай-ақ «Әлеуметтік ғылымдар және менеджмент».
Қазақстандық жоғары оқу орындарының негізгі нәтижелері:
✔ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Орталық Азия жоғары оқу орындары арасындағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп, «Білім беру және оқыту» бағыты бойынша әлемде 41-орынды иеленіп, жаһандық рейтингтің топ-50 қатарына енді.
✔ Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы алғаш рет «Орындаушылық өнер» бағыты бойынша топ-100 қатарына кірді.
✔ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) төрт салалық, 23 пәндік рейтингте ұсынылып, пәндік рейтингтердегі көрсеткіштер саны бойынша елдегі оқу орындарының көш басына орналасты. Одан кейін бір салалық және 15 пәндік рейтингте қатысқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ЕҰУ) орын алды. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (ҚазҰАЗУ), Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті өздерінің бейінді бағыттары бойынша жоғары нәтижелер көрсетеді.
✔ Satbayev University 2026 жылғы пәндік рейтингтердегі жаңа позициялар саны бойынша елде екінші орынды иеленді.
✔ 2026 жылы Қазақстан ЖОО-лары «Білім беру және оқыту» және «Лингвистика» бағыттары бойынша өз позицияларын нығайтты.
✔ Қазақстандық университеттер «Бухгалтерлік есеп және қаржы», «Биологиялық ғылымдар», «Қоршаған орта туралы ғылымдар» және «Материалтану» бағыттары бойынша пәндік рейтингтерде алғаш рет қатысты.
QS ұйымының аға вице-президенті Бен Саутер:
«QS World University Rankings by Subject 2026 нәтижелері Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі артып келе жатқанын көрсетеді. Жаңа пәндер бойынша 14 білім беру бағдарламасының алғаш рет рейтингке енуі халықаралық мойындаудың күшейгенін және Қазақстанның өңірлік білім беру орталығы ретіндегі беделінің артқанын дәлелдейді. Сонымен қатар қазақстандық университеттер «Білім беру және оқыту» және «Лингвистика» бағыттары бойынша көрсеткіштерін жақсартуды жалғастыруда, сондай-ақ «Орындаушылық өнер» бағыты бойынша алғаш рет топ-100 қатарына енді», – деп атап өтті.
QS ұйымының өңірлік директоры Сергей Христолюбов:
«Қазақстан Орталық Азияда пәндік рейтингтердің топ-100 қатарына енген жалғыз ел болып отыр. Өңірдегі жоғары білім беру тарихындағы ең жоғары нәтиже – «Білім беру және оқыту» бағыты бойынша топ-50 қатарына ену – тек Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті үшін ғана емес, бүкіл ұлттық жоғары білім беру жүйесі үшін маңызды жетістік. Қазақстанның пәндік рейтингтердегі қатысуы 13 университетке дейін өсіп, олар 4 кең пәндік бағыт пен 27 пән бойынша 70 позицияға ие болды. Бұл – ел үшін рекордтық көрсеткіш», – деп атап өтті.
Қол жеткізілген нәтижелер Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің тұрақты дамуын және оның жаһандық академиялық кеңістікке ықпалдасуын айқындайды. Пәндік рейтингтердегі қатысудың кеңеюі мен негізгі бағыттар бойынша позициялардың нығаюы білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулер сапасын одан әрі арттыруға негіз қалайды.