Министр ғылыми қауымдастықпен кеңейтілген кеңес өткізді: кадрлық шешімдер қабылданып, ғылымды реформалау бойынша қатаң шаралар айқындалды

Министр ғылыми қауымдастықпен кеңейтілген кеңес өткізді: кадрлық шешімдер қабылданып, ғылымды реформалау бойынша қатаң шаралар айқындалды

Министр ғылыми қауымдастықпен кеңейтілген кеңес өткізді: кадрлық шешімдер қабылданып, ғылымды реформалау бойынша қатаң шаралар айқындалды

Мемлекет басшысының Алматыда ғылыми жұртшылықпен кездесуінің қорытындысы бойынша Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары мен ведомстволық бағынысты ұйымдар өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген жұмыс жиынын ұйымдастырды. Алқалы басқосу кешенді талдау және нақты талқылау форматында өтіп, Президент атап өткен отандық ғылымның қазіргі жай-күйін жүйелі бағалауға арналды.

Талқылау барысында ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейінің төмендігі, жобалардың қайталануы, босаң қаржылық тәртіп, процестерді цифрландырудың жеткіліксіздігі және өтінім беруден бастап нәтижелерді енгізуге дейінгі барлық кезеңдегі жауапкершіліктің нақтыланбауы сияқты негізгі түйткілдер егжей-тегжейлі қаралды.

Министр Мемлекет басшысы берген баға жай ғана белгі емес, бүкіл ғылыми жүйені терең трансформациялауға бағытталған тікелей нұсқау екенін қадап айтты. Президент жүктеген міндеттер министрліктен бастап нақты ғылыми ұжымдарға дейінгі барлық басқару деңгейлері үшін міндетті әрі басым сипатқа ие екені ерекше атап өтілді.

Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары (ҒЗИ) басшыларының ғылыми қызметтің түпкілікті нәтижесіне, оның практикалық қайтарымына және ел экономикасына қосатын үлесіне дербес жауапкершілігіне баса назар аударылды. Президент тапсырмалары аясында өлшенетін нәтижелерге, енгізілген технологияларға, жасалған өнімдер мен экономикалық тиімділікке көшу қажеттілігіне екпін берілді.

Кеңес қорытындысы бойынша нақты кадрлық шешімдер қабылданды. «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ Басқарма төрағасы қызметінен босатылды. «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасына қатаң сөгіс жарияланды.

Министр сондай-ақ ғылыми жобаларды іріктеу мен іске асыру тәсілдерін қайта қарау, қаржылық тәртіпке бақылауды күшейту, цифрлық мониторинг құралдарын енгізу және ғылым, білім мен өндірістің шынайы интеграциясын қамтамасыз ету арқылы Мемлекет басшысының тапсырмаларын қысқа мерзімде орындауды жүктеді. Жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшыларына екі апталық мерзімде анықталған кемшіліктерді жою және Президент белгілеген көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша нақты, өлшенетін жоспарларды ведомствоға ұсыну тапсырылды.

Министрлікте ұлттық ғылыми жүйенің толық ашықтық, қатаң есептілік және Президент тапсырмаларын мүлтіксіз орындау режиміне көшетінін, бұл ретте түпкілікті нәтиже мен мемлекет экономикасының дамуына қосылатын үлеске басымдық берілетінін мәлімдеді.