HealTech 2026: Heriot-Watt университетінің Ақтөбе кампусында 16 стартап таныстырылды

HealTech 2026: Heriot-Watt университетінің Ақтөбе кампусында 16 стартап таныстырылды

HealTech 2026: Heriot-Watt университетінің Ақтөбе кампусында 16 стартап таныстырылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Heriot-Watt University Ақтөбе кампусының студенттері Health Companion бағытындағы инновациялық жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Іс-шара аясында жалпы саны 16 стартап таныстырылып, олардың әрқайсысы денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталды.

Ұсынылған жобалардың ішінде «Virtual Health Control» (Виртуалды денсаулық сақшысы) стартапы ерекше назар аудартты. Аталған жоба – жасанды интеллект технологиясына негізделген қосымша. Ол пайдаланушының денсаулық көрсеткіштерін, атап айтқанда, жүрек соғысы, қан қысымы, ағзадағы су мөлшері, қант деңгейі және күнделікті физикалық белсенділігін тұрақты түрде бақылауға мүмкіндік береді.

Қосымшада денсаулық көрсеткіштерінде күрделі өзгерістер анықталған жағдайда пайдаланушының жеке дәрігеріне автоматты түрде хабарлама жіберу функциясы қарастырылған. Ал төтенше жағдайларда жедел медициналық көмек қызметіне хабар беру мүмкіндігі бар. Сонымен қатар жүйе пайдаланушыға жеке ұсыныстар беріп, денсаулығын тиімді бақылауға жағдай жасайды. Жоба авторлары қосымшаны болашақта смарт-сағаттарға бейімдеуді жоспарлап отыр. Негізгі мақсат – тек мониторинг жүргізу ғана емес, дәрігер мен пациент арасындағы байланысты үйлестіру.

Компьютерлік инженерия білім беру бағдарламасының студенттері 16 командаға бөлініп, әрқайсысы жеке стартап әзірледі. Командалар өздерін толыққанды компания ретінде таныстырып, нақты пайдалануға жарамды цифрлық шешімдер ұсынды. Нәтижесінде тек теориялық идеялар емес, тәжірибеде қолдануға болатын 16 түрлі өнім ұсынылды.

Жобалар әзірлеу барысында студенттер бағдарламалау дағдыларымен шектелмей, жүйе архитектурасын жобалау, интерфейс дизайны, инженерлік шешімдер қабылдау және бизнес-модель құру бағыттарын толық қамтыды. Сонымен қатар олар идеяны толыққанды стартапқа айналдырудың негізгі кезеңдерін тәжірибе жүзінде меңгерді.

Көрме барысында командалар өз жобаларын сарапшыларға таныстырып, бағдарламалық инженерия стандарттарына сәйкес жан-жақты бағалаудан өтті.

Аталған бастама дәстүрлі оқу үдерісінен асып, студенттерге нақты өнім әзірлеу және оны коммерцияландыру мүмкіндіктерін меңгеруге жол ашты. Жобаның түпкі мақсаты – үздік стартаптарды болашақта табысты технологиялық компанияларға айналдыру.