Қарағандыда Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес отырысы өтті

Қарағандыда Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес отырысы өтті

Қарағандыда Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес отырысы өтті

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің QarTech хабы алаңында Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова қатысты. Кездесуде ғылым, жоғары білім, бизнес және индустрия өкілдері бас қосты.

Вице-министр ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын жеткізді.

«Өңірдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті және өзге де білім беру ұйымдары экономиканың басым бағыттары үшін білікті кадрлар даярлап, гранттық қаржыландыру аясында ғылыми және инновациялық жобаларды жүзеге асырып келеді. Ғалымдар тұрақты түрде ғылыми-технологиялық сессиялар өткізіп, кәсіпорындарға технологиялық міндеттерді шешуде қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі өңірлік ғылыми кеңес аясында ұйымдастырылып отырған іс-шаралар ғылым мен бизнес арасындағы орнықты әріптестікті нығайтып, отандық әзірлемелерді өндіріске енгізуді жеделдетуге ықпал етеді», – делінген құттықтау хатта.

Сондай-ақ Гүлзат Көбенова кеңестің өңірдің ғылыми инфрақұрылымын дамытудағы және бизнес пен университет жобалары арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қалыптастырудағы маңызын атап өтті.  

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кеңестің тек пікір алмасу алаңы ғана емес, нақты шешімдер қабылдайтын тиімді тетік екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай алаңдар индустрия мен ғылым арасындағы байланысты нығайтып, өңірлік даму саясатын жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма төрағасы - ректор Сауле Сагинтаева QarTech хабының қол жеткізген нәтижелері мен 2026 жылға арналған жоспарларына тоқталды. QarTech – Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен өткен жылы құрылған Қазақстандағы алғашқы өңірлік инновациялық-индустриялық хаб. Жобаның негізгі мақсаты – озық технологияларды енгізу, қолданбалы ғылымды дамыту және ғылым, бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды күшейту арқылы өңірдің өнеркәсіптік секторын жедел трансформациялау. Ректордың айтуынша, хаб базасында университеттің 100-ден астам қызметкері біліктілігін арттырды, 120 ғалым инновациялық кәсіпкерлікке оқытылды, 10 стартап инкубациядан өтті, 8 жоба акселерацияланды, 2 өнеркәсіптік хакатон өткізілді, ал өңірлік инновациялар форумы 400-ден астам қатысушыны біріктірді.

2026 жылы инфрақұрылымды кеңейту, зертханалық-өндірістік кешен, технологиялық орталықтар және жаңа коворкинг кеңістіктерін құру жоспарланып отыр.

Сауле Сагинтаева сондай-ақ QarTech хабының өндірісте жаңа өнімдерді әзірлеу үдерісін жеделдетуге, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығындарды азайтуға, сондай-ақ кадр даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осыған байланысты ол өнеркәсіп және өндіріс саласы өкілдерін хаб жұмысына белсенді қатысып, өздерінің технологиялық міндеттерін бірлесіп шешуге шақырды.

Кеңес жұмысы аясында вице-министр университетке арнайы барып, оқу орнының ғылыми әлеуетімен танысты.