AI-Sana бағдарламасын дамытуға Huawei-дің халықаралық тәжірибесі енгізіледі

AI-Sana бағдарламасын дамытуға Huawei-дің халықаралық тәжірибесі енгізіледі

AI-Sana бағдарламасын дамытуға Huawei-дің халықаралық тәжірибесі енгізіледі

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде Huawei компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу барысында жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласында кадр даярлау бағытындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

Кездесуге ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Аян Рамазан, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Серік Қалқаманов, аталған департамент директорының орынбасары Мейірбек Ізбасар, сондай-ақ «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Арман Ашкин қатысты.

Huawei тарапынан келіссөздерге Орталық Азия өңірі бойынша вице-президент Сюй Хай, ICT шешімдері мен стратегиясы бойынша вице-президент Мохамед Мадкур, сондай-ақ серіктестік байланыстар мен таланттар экожүйесін дамытуға жауапты компания өкілдері қатысты.

Кездесу аясында Huawei компаниясы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және жасанды интеллект саласындағы білім беру экожүйесін дамыту бойынша халықаралық тәжірибесін таныстырды. Атап айтқанда, Huawei ICT Academy желісінің қызметі, білім беру бағдарламалары, сертификаттау курстары және студенттердің халықаралық жарыстарға қатысуы қамтылды. Компанияның әлем бойынша 3500-ден астам университетпен ынтымақтаса жұмыс істейтіні және AI, Cloud, Computing және желілік технологиялар бағыттары бойынша мамандар даярлау бағдарламаларын жүзеге асырып жатқаны атап өтілді.

Министрлік өз кезегінде жасанды интеллект саласында кадр даярлаудың ұлттық экожүйесін қалыптастыруға бағытталған AI-Sana бағдарламасының жүзеге асырылу барысын таныстырды. Бағдарлама аясында барлық білім беру бағдарламалары бойынша студенттер үшін жасанды интеллект негіздері бойынша міндетті курстар енгізіледі. Бұл өз кезегінде аталған салада базалық құзыреттері бар мамандарды жаппай даярлауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар AI-Sana бағдарламасының дамуы мен Қазақстандағы кадр даярлау жүйесінің трансформациясына арналған деректі бейнематериал әзірлеу жөніндегі Huawei бастамасына ерекше назар аударылды. Министрлік бұл бастаманы қолдап, оның халықаралық ынтымақтастықты ілгерілету мен еліміздің жасанды интеллект саласындағы жетістіктерін кеңінен насихаттаудағы маңызын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар білім беру бағдарламаларын кеңейту, халықаралық курстар мен сертификаттауды енгізу, оқытушылар мен студенттерді даярлау, стартаптарды қолдау, сондай-ақ жоғары оқу орындарының цифрлық инфрақұрылымын дамыту бағыттарында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделілік танытты. Тараптар жасанды интеллект бойынша курстарды енгізу және бірлескен жобаларды іске асыру бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты.