Қазақстан мен РҒА-ның Сібір бөлімшесі ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты нығайтып жатыр

Қазақстан мен РҒА-ның Сібір бөлімшесі ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты нығайтып жатыр

Қазақстан мен РҒА-ның Сібір бөлімшесі ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты нығайтып жатыр

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің делегациясымен кездесу өткізді. Делегацияны РҒА вице-президенті Валентин Пармон бастап келді.

Делегация құрамына сондай-ақ Новосібір мемлекеттік университетінің, Томск ұлттық зерттеу орталығының, РҒА Сібір бөлімшесінің Ядролық физика институтының және Экономика және өнеркәсіптік өндірісті ұйымдастыру институтының өкілдері кірді.

Кездесу барысында министр қазіргі уақытта Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы аясында ғылым мен жоғары білімді жедел дамытуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, ғылыми инфрақұрылымды жаңғыртуға, жас ғалымдарды қолдауға, сондай-ақ ғылым, білім және өндіріс интеграциясын күшейтуге ерекше көңіл бөлініп жатыр.

Сондай-ақ қазақстандық-ресейлік өзара іс-қимылдың табысты дамуы, оның ішінде бірлескен білім беру бастамалары, ғылыми-зерттеу жобалары және академиялық ұтқырлық бағдарламаларының іске асырылуы атап өтілді. Тараптар ынтымақтастықты кеңейтуге және тәжірибе алмасуға өзара қызығушылықтың жоғары екенін жеткізді.

Келіссөздер барысында екіжақты ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша серіктестікті одан әрі тереңдету және бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде, соның ішінде энергетика, медицина, экология және жоғары технологиялар сияқты басым бағыттарда келісімдерге қол жеткізілді.

Аталған диалог бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы екені атап өтілді. Өткен жылдың қазан айында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде екі тарап өкілдерінің кездесуі өтіп, ол ғылыми-технологиялық саладағы қазақстандық-ресейлік серіктестікті нығайтуға бағытталған болатын. Сол кезде жоғары технологиялық аумақтарды қалыптастыру және дамыту бойынша озық тәжірибелер алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылған еді.

Тараптар қол жеткізілген келісімдер екіжақты ынтымақтастықтың дамуына жаңа серпін беріп, бірлескен ғылыми және білім беру бастамаларын іске асыруға ықпал ететініне сенім білдірді.