«Болашақ» бағдарламасы бойынша стипендия тағайындауға арналған конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжат қабылдау 16 наурызда басталып, 16 қазанда аяқталады.
Конкурстық іріктеу 2026 жылғы 13 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында өтеді. «Болашақ» стипендиясына құжат egov.kz порталы арқылы қабылданады.
2026 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасына бірқатар жаңалықтар енгізілді.
Атап айтқанда, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың және ғылыми жобалардың халықаралық конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері (I–III орындар) үшін «бакалавриат» санаты енгізілді. Сілтеме: https://bolashak.gov.kz/kz/allnews/bolasha-badarlamasy-ayasynda-bakalavriat-badarlamasyna-arnal-zhalpy-bilim-beretin-pnder-bojynsha-halyaraly-olimpiadalar-men-ylymi-zhobalar-konkurstaryny-tizbesi
Сонымен қатар атом энергетикасы саласында мамандар даярлауға арналған жеке бағыт іске қосылып, «Жасанды интеллект» бағыты бойынша кәсіби тағылымдамаларға бөлек санат бөлінді.
2026 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу үшін 635 стипендия бөлінді. Оның ішінде бакалавриат бағдарламасы бойынша – 20 стипендия, магистратура бағдарламасы бойынша – 400 стипендия, докторантура бойынша – 50 стипендия, тағылымдамалар бойынша – 165 стипендия.
Басым мамандықтар тізбесі халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның кадрларға экономиканың қажеттілігі болжамын ескере отырып, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өтінімдері негізінде қалыптастырылды. Бұл үміткерлерге «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ сайтында мына сілтемеде https://bolashak.gov.kz/kz/mamandytar орналасқан сұраныстағы мамандықтар бойынша шетелде оқуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ мәндес мамандықтар тізбесі бекітілді. Тізбемен келесі сілтеме арқылы танысуға болады: https://bolashak.gov.kz/kz/mndes-mamandytar
«Болашақ» бағдарламасы бойынша 2024–2026 жылдарға арналған жоғары оқу орындарының тізімі өз салаларында жоғары орындарды иеленетін жетекші тар бейінді университеттермен толықтырылды. Толық тізіммен келесі сілтеме арқылы танысуға болады: https://bolashak.gov.kz/kz/zhoo
Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссия 2026 жылға «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өту үшін қызметкерлердің мынадай санаттарын бекітті:
1. инженерлік-техникалық қызметкерлер, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен саласының қызметкерлері;
2. атом өнеркәсібі саласының қызметкерлері;
3. жасанды интеллект жүйелерін пайдаланушылар;
4. мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері мен қызметкерлері;
5. медицина қызметкерлері;
6. мемлекеттік қызметшілер;
7. бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері;
8. мәдениет, туризм және спорт саласының қызметкерлері;
9. судьялар және сот жүйесінің қызметкерлері.
«Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша стипендия тағайындауға арналған конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжат қабылдау 16 наурызда басталып, 30 қазанда аяқталады.
Конкурстық іріктеу 2026 жылғы 13 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында өтеді.
2026 жылы ғылыми тағылымдамалардан өтуге арналған жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың тізімімен келесі сілтеме арқылы танысуға болады: https://bolashak.gov.kz/kz/ym%D1%96tkerge-ns-bojynsha/zhoo-lar-gylymi-ortalyktar-yjymdar
«Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау egov.kz порталы арқылы және Астана қаласы, Сығанақ көшесі 70 мекенжайында орналасқан «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ кеңсесінің 5-қабатында 508-кабинетте (қолма-қол) жүргізіледі.
Басқа қаладан келген үміткерлерге құжатты сенімхат арқылы тапсыру мүмкіндігі беріледі.
«Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында қазақстандық ғалымдардың біліктілігін арттыру мақсатында бекітілді. «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша 2026 жылға 250 стипендия бөлінді.
Мемлекет академиялық оқуға, тағылымдамадан өтуге, ары-бері ұшуға, медициналық сақтандыруға, визалық алымдарға, оқу материалдарын сатып алуға жұмсалатын шығындарды жабады, сондай-ақ ай сайын стипендия төлейді.
Үміткерлерге қойылатын талаптарды, басым мамандықтар тізбесін, университеттер мен ғылыми орталықтардың тізімін bolashak.gov.kz сайтынан көруге болады.
Барлық туындаған сұрақтар бойынша мына нөмірлерге: 8 (7172) 76-90-76 (ішкі нөмірлері 110, 113) хабарласуыңызды сұраймыз.