Қазақстандық ғалымдар электр энергиясын жинақтауға арналған құрылғыларда қолдануға перспективалы негіз ретінде қарастырылатын, электрөткізгіштігі жоғары модификацияланған екі өлшемді MXene наноматериалдарына бірқатар зерттеу мен сынақ жұмыстарын жүргізді.
Satbayev University зерттеушілері MXene-материалдарын алудың жаңа әдістерін сынақтан өткізіп, сондай-ақ оларды кремний мен белсендірілген көмірді қолдану арқылы модификациялау тәсілдерін зерттеді. Жұмыс барысында алынған композиттік материалдардың электрохимиялық сипаттамалары зерделеніп, олардың тиімділігіне салыстырмалы талдау жасалды.
Зерттеу нәтижелері әзірленген композиттік материалдың дәстүрлі белсендірілген көмірмен салыстырғанда меншікті сыйымдылығы жоғары екенін көрсетті. Жоба жетекшісі, PhD Қалижан Шәкеновтің айтуынша, алынған нәтижелер энергияны сақтауға арналған электрохимиялық құрылғылардың тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Біздің әзірлемеміз жаңа буындағы энергия жинақтау жүйелерінің тиімділігін арттыруға ықпал етуі мүмкін», – деді ол.
Жоба аясында ғалымдар материалдың эксперименттік үлгісін жасап, ол зертханалық сынақтардан өтті. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына университеттің магистранттары мен докторанттары белсенді түрде қатысуда.
Қазіргі уақытта жоба бағдарламалық қаржыландыру аясында жүзеге асырылып жатыр. Келесі кезеңде ауқымды сынақтар өткізу және әзірленген технологияны практикалық қолданысқа енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасады.