6 наурыз күні Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы отандық ғалым әйелдерге арналған академик Н.Базанова атындағы марапатты салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Атаулы іс-шараға отандық ғылымды дамытуға айрықша үлес қосқан жетекші ғалым әйелдер, ғылыми қызметкерлер, оқытушылар, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары қатысып, жалпы саны шамамен 400-ге жуық адам жиналды.
Академик Найля Оразғұлқызы Базанова – қазақстандық көрнекті ғалым, физиолог. Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы академик әйел, биология ғылымының жаңа саласы – ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиясының негізін қалаушы. Ол қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі.
Академик Н.Базанова атындағы марапат – Қазақстан ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан, жоғары ғылыми жетістіктерге жеткен, жаңалықтар ашқан немесе қолданбалы зерттеулер жүргізген ғалым әйелдерді марапаттауға арналған құрмет белгісі. Бұл марапат отандық ғылымдағы нәзік жандардың жетістіктерін мойындау, дәріптеу және жас ғалымдарды ынталандыру мақсатында тағайындалған.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаев шараның ашылуындағы сөйлеген сөзінде нәзік жандардың ғылым мен білім саласының дамуына қосып отырған үлесі ерекше екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда ғылыми зерттеулермен айналысатын нәзік жандардың саны жыл сайын артып, ғылыми қызметкерлердің шамамен 56 пайызын құрап отырғанын (12 893) жеткізді. Олардың ішінде ғылым докторлары – 898, ғылым кандидаттары – 2 859, PhD докторлар – 2 229 және бейіні бойынша докторлар – 185. Бұл көрсеткіштер ғылым саласындағы жетістіктердің елеулі бөлігі ғалым әйелдердің еңбегімен байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін ғылымды басқару тәсілдерін жаңғырту, халықаралық ғылыми орталықтармен ықпалдастықты күшейту және ғалым әйелдерді жан-жақты қолдау қажеттігімен бөлісті. Осы бағыттағы маңызды қадам ретінде Ұлттық ғылым академиясы алғаш рет көрнекті ғалым, алғашқы академик әйел Найля Базанова атындағы марапатты тағайындағанын атап өтіп, биыл екінші рет еліміздің үздік ғалым әйелдері марапатталатынын сөзге тиек етті.
А.Күрішбаев сөзінің соңында:
«Мемлекет басшысының бастамасымен біз «Әділетті қоғам» құруды басты мақсат етіп қойып отырмыз. Осы ауқымды міндеттер жүйесінде ғылымды дамытуда әйелдердің рөлі айрықша екенін атап өткен жөн. Сондықтан алда тұрған жауапты міндеттерді абыроймен атқару үшін барлығымыз бірлесе еңбек етуіміз қажет. Осы тарихи маңызы бар істе ғылым саласында табанды еңбек етіп жүрген сіздерге, барша нәзік жандарға зор табыс тілеймін. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жүректеріңізге жылылық пен рухани сұлулық, елімізге тыныштық пен береке тілеймін. Жүздеріңізден әрдайым көктемнің шуақты күніндей жарқын күлкі кетпесін», – деп ыстық ықыласын білдірді.
Салтанатты жиында Алматы қаласы әкімінің құттықтауын басқарма басшысы Азиз Кажденбек жеткізіп, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің бірінші проректоры Диляра Қайдарова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы - ректоры Бейбіткүл Каримова, Назарбаев университетінің вице-провосты Аида Сагинтаева, сондай-ақ ҚР Президентінің жанындағы ҰҒА Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ Ғылым департаментінің директоры Индира Бейшова сөз сөйлеп, отандық ғылымды дамытудағы ғалым әйелдердің рөліне тоқталды.
Іс-шара аясында дәстүрлі түрде ұйымдастырылған академик Н.Базанова атындағы марапат табыстау рәсімі өтті. Аталған марапатпен отандық ғылымның дамуына айрықша үлес қосып жүрген, ғылыми әлеуеті жоғары әрі ғылымның түрлі бағыттарында елеулі нәтижелерге қол жеткізген 66 жетекші ғалым әйелдер мен ғылыми қызметкерлер салтанатты түрде марапатталды.
Бұл марапат еліміздің ғылыми қауымдастығында табысты еңбек етіп жүрген ғалым әйелдердің жетістіктерін мойындаудың және олардың ғылымды дамытудағы рөлін айқындаудың маңызды көрінісі болды.
Академик Н.Базанова атындағы марапатқа ие болған отандық ғалым әйелдердің тізімі: