
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде Халықаралық әйелдер күні қарсаңында отандық ғылым саласында еңбек етіп жүрген жас зерттеушілерге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Бүгін министр Саясат Нұрбек мерекелік іс-шара барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 5 жас ғалымға тұрғын үй сертификаттарын салтанатты түрде табыстады.
Бұл бастама ҚР Президенті 2024 жылғы 31 мамырда Ғылым ордасында жас ғалымдармен кездесу барысында берген тапсырмасын іске асыру аясында жүзеге асырылып отыр. Оның негізгі мақсаты – ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін арттыру, ғылым саласындағы жас кадрларды қолдау және ғылымға талантты жастардың келуін ынталандыру. Осы бағытта Ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жас ғалымдары үшін тұрғын үй бөлу жөніндегі комиссия Астана және Алматы қалаларында баспана беру үшін ғылыми ұйымдар мен ЖОО жас ғалымдарының тізімін жүйелі түрде анықтап келеді.
Мерекелік жиында министр әйелдер қауымын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, бұл мереке ізеттілік пен ілтипаттың, парасат пен мейірімнің нышаны ғана емес, қоғам өміріндегі әйелдің айрықша орнын айқындайтын күн екенін атап өтті.
«Қазіргі таңда елімізде ғылыми зерттеулермен айналысатын 12 893 әйел бар. Бұл – ғылыми қызметкерлердің жалпы санының 56 пайызы. Ал әйел зерттеушілердің жалпы зерттеушілер санындағы үлесі 55,7 пайызды құрайды. Олар іргелі зерттеулерден бастап қолданбалы және пәнаралық жобаларға дейінгі түрлі ғылыми бағыттарда табысты еңбек етіп келеді. Мемлекет ғылым мен жоғары білім саласындағы әйелдердің бастамаларын әрдайым қолдайды. Сіздердің кәсіби өсулеріңізге, ғылыми ізденістеріңізге және көшбасшылық қабілеттеріңізді дамытуға қажетті жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі», – деді министр.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау бағытындағы бұл жұмысты кезең-кезеңімен жалғастырады. Жас зерттеушілер санының артуы ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің дамуына оң ықпал етеді.
Айта кетейік, 2023 жылғы 19 қазанда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында жас ғалымдарға арналған 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй несиесін беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған.
Сонымен қатар мерекелік шара аясында ғылым саласына еңбегі сіңген қызметкерлер отандық білім мен ғылымға қосқан үлесі үшін «Құрмет» және «Ерен еңбегі үшін» ордендерімен марапатталды.