
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Торайғыров университетінің ғылыми-білім беру инфрақұрылымымен және материалдық-техникалық базасымен танысты. Кездесу барысында университетте жүзеге асырылып жатқан білім беру жобалары, ғылыми зертханалардың қызметі, сондай-ақ негізгі инновациялық даму бағыттары таныстырылды.
Министрге жоғары оқу орнының цифрлық білім беру бастамалары көрсетіліп, AI-Sana бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобалар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы ақпарат ұсынылды.
Кездесу аясында AI-Laboratory жасанды интеллект зертханасының ашылу салтанаты өтті. Аталған зертхана жасанды интеллект технологияларын дамытуға, цифрлық шешімдер әзірлеуге және студенттердің инновациялық IT-жобаларын іске асыруға арналған заманауи ғылыми-білім беру алаңы болмақ.
Зертхана базасында студенттер мен жас зерттеушілер машиналық оқыту, деректерді талдау, компьютерлік көру, автоматтандыру және зияткерлік жүйелерді әзірлеу бағыттары бойынша практикалық жобалармен айналыса алады. Құрылған инфрақұрылым оқу процесін практикалық қызметпен ұштастыруға мүмкіндік беріп, студенттердің цифрлық құзыреттерін дамытуға, стартап-жобаларды жүзеге асыруға және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Зертхананың ашылуы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыруды және жасанды интеллект технологияларын дамытуға бағытталған тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылды. Бұл бастама университеттің цифрлық трансформация бағытын ілгерілетуге ықпал етіп, өңірде жоғары технологиялық білім мен ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталған.
Ашылу рәсіміне министр Саясат Нұрбек пен «Торайғыров университеті» КеАҚ директорлар кеңесінің мүшесі Асқар Ахметов қатысып, салтанатты түрде лентаны қиды. Зертхананың негізгі демеушісі Павлодар облысының әкімдігі болды.
Министр сондай-ақ инженерлік бағыттағы ғылыми инфрақұрылыммен танысты. Атап айтқанда, сандық бағдарламалық басқару жүйесімен жабдықталған станоктармен, өндірістік тренажерлармен және арнайы технологиялық құралдармен қамтамасыз етілген машина жасау және стандарттау кафедрасының жаңартылған зертханалары таныстырылды. Мұнда студенттер металдарды жоғары дәлдікпен өңдеу және өндірістік процестерді модельдеу технологияларын, сондай-ақ машина жасаудың заманауи әдістерін меңгеріп, практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алады. Мұндай зертханалық база болашақ инженерлерге өндірістік процестерді тәжірибе жүзінде зерттеп, нақты өндірістік міндеттерді шешуге жағдай жасайды.
Сонымен қатар министр металлургия кафедрасының зертханалық кешенімен танысты. Мұнда сутектік тотықсыздандыру, гидрометаллургиялық процестер, металдарды соғу және прокаттау технологиялары, сондай-ақ 3D модельдеу салалары бойынша ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізіледі. Зертханалар заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген, бұл студенттер мен жас ғалымдарға металлургиялық процестерді зерттеуге, жаңа технологияларды сынақтан өткізуге және қолданбалы ғылыми жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Айта кету керек, зертханаларды жаңарту гранттық қаржыландыру жобалары аясында жүзеге асырылып, оларды заманауи жабдықтармен жабдықтаумен қатар жүргізілді.
Зертханаларды аралау барысында Саясат Нұрбек қазіргі қоғамдағы ғылымның рөліне ерекше тоқталып:
«Бүгінде қоғамның нағыз батырлары ғалымдар болуы тиіс. Өйткені жаңа білімді қалыптастырып, елдің технологиялық болашағын айқындайтын да, жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін де – солар. Ғылымды дамыту, жас зерттеушілерді қолдау және білім беру жүйесіне озық технологияларды енгізу – Қазақстанның тұрақты дамуының негізгі шарттары», – деп атап өтті.
Министрге сондай-ақ агротехнологиялар саласындағы зерттеулер мен ауыл шаруашылығы және биология бағытындағы зертханалардың қызметі таныстырылды.
Кездесу соңында Саясат Нұрбек университеттің шетелдік студенттерімен кездесіп, халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық мәселелерін талқылады.