Қазақстан және Аризона университеті: халықаралық ғылыми интеграция моделінің үлгісі

Қазақстан және Аризона университеті: халықаралық ғылыми интеграция моделінің үлгісі

Қазақстан және Аризона университеті: халықаралық ғылыми интеграция моделінің үлгісі

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек төрағалығымен стратегиялық маңызы бар онлайн-сессия өтті. Кездесуге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, Қозыбаев университеті Басқарма төрағасы - ректоры Ербол Исақаев, сондай-ақ Аризона университеті өкілдері – халықаралық істер жөніндегі бас директор Дженни Ли және білім беру серіктестіктері жөніндегі аға директоры Рики Салазар қатысты.

Кездесу Қазақстан мен Аризона университеті арасындағы академиялық алмасу, білім беру, ғылым және өндіріс институттары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы болды. Тараптар өңір мен елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болатын тұрақты трансшекаралық инновациялық экожүйені дамыту мәселелерін талқылады.

2022 жылы іске қосылған серіктестік аясында ынтымақтастық моделі кезең-кезеңімен дамып келеді. Алғашқы кезеңде 41 студентті қамтыған екі қос дипломдық білім беру бағдарламасы іске қосылды. Биыл алғашқы түлектер оқуын аяқтайды.

Қазіргі таңда серіктестік шеңберінде 360 студент білім алатын бес қос дипломдық бағдарлама және жалпы 890 студентті қамтитын 11 бірлескен халықаралық білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Бизнес, менеджмент, маркетинг және нарықтық аналитика бағыттары бойынша бағдарламалардың іске қосылуы жаһандық еңбек нарығы талаптарына сәйкес кадр даярлау құрылымын жаңғыртуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар Study Arizona академиялық ұтқырлық бағдарламасын дамыту және инклюзивті білім беру саласындағы пилоттық Study Abroad Program бастамасын іске қосу өзара академиялық мүмкіндіктер алмасудың жаңа моделін қалыптастыруға негіз болды.

Ғылыми серіктестіктің басты қағидасы – зерттеулердің қолданбалы сипатын күшейту және экономиканың нақты секторларының сұраныстарына бағдарлану.

АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен профессорлар Чарльз Герба мен Ирина Панюшкина жетекшілік ететін су сапасын бағалау жобасы Солтүстік Қазақстан өңіріндегі су ресурстарын бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясындағы ірі жобаға ұласты. Жоба шеңберінде Академиялық шеберлік орталығын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Агроқұзыреттілік орталығы Аризона университетінің Геномика институтымен бірлесіп, Қазақстандағы жануарлар мен өсімдіктердің гендік қорын сақтау және биоинформатика саласында зерттеулер жүргізеді. Сонымен қатар Каспий итбалықтарын зерттеу және оңалту орталығымен ынтымақтастық жолға қойылған. Алынған алғашқы ғылыми нәтижелер қазіргі уақытта өңделіп, талданады.

Профессор Д.Пьюн жетекшілік ететін ғалымдар тобының инновациялық күкірт полимерлерін әзірлеу жөніндегі бірлескен бастамасы мемлекеттік институционалдық қолдауға ие болды. Жобаны іске асыруға арналған өтінім бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру конкурсына ұсыну үшін дайындалды.

Аризона университетінің профессоры Тони Спаркспен бірлесіп инклюзивті білім беруді дамыту бағытында зерттеулер жүргізіледі. Сонымен қатар университеттің зерттеу топтары ұзақ мерзімді электрокардиографиялық мониторингке арналған IT-платформаны әзірлеу мәселесін пысықтауда.

Стратегиялық бағыттардың бірі – халықаралық сарапшылардың қатысуымен Тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту консорциумын құру. Жоба Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарындағы агроөнеркәсіптік тәжірибеге ғылыми зерттеулерді интеграциялауды көздейді. Консорциум ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға, цифрлық және биотехнологиялық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ экспортқа бағдарланған өндірістік тізбектерді қалыптастыруға бағытталады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға, қол жеткізілген нәтижелерді институционализациялауға және тұрақты академиялық әрі ғылыми ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді моделін қалыптастыруға өзара мүдделілігін растады.

Қазақстан мен Аризона университеті арасындағы серіктестік жоғары білім мен ғылымды халықаралық деңгейде интеграциялаудың тиімді моделін қалыптастырып, өнеркәсіптік және технологиялық саясаттың маңызды элементіне айналып келеді.