Қайым Мұхамедхановтың 110 жылдығына арналған халықаралық ғылыми симпозиум өтті

Қайым Мұхамедхановтың 110 жылдығына арналған халықаралық ғылыми симпозиум өтті

Қайым Мұхамедхановтың 110 жылдығына арналған халықаралық ғылыми симпозиум өтті

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Қайым Мұхамедханов – 110 жыл: ұлт руханияты, ғылым және абайтану мәселелері» атты халықаралық симпозиум өтті. Симпозиум аясында «Қайым Мұхамедханов атындағы абайтану дәрісханасының» салтанатты ашылуы өтіп, бірқатар ғылыми еңбектің таныстырылымы ұйымдастырылды. Республикалық деңгейдегі алқалы жиын ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, абайтанушы, текстолог Қайым Мұхамедхановтың ғылыми мұрасын жаңаша зерделеуге арналды.

Дәрісхананың ашылу рәсіміне Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова, Филология факультетінің деканы Алуа Таңжарықова, профессор Фаузия Шамсияқызы және әдебиеттанушы Балтабай Әбдіғазин қатысты. Симпозиум жұмысына ғалымның ұлы Дегдар Қайымұлы мен қызы Дина Қайымқызы арнайы келіп, әке мұрасына көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдірді.

Проректор Бану Нарбекова өз сөзінде Қайым Мұхамедхановтың бар ғұмырын алаштану мен абайтану ғылымына арнағанын атап өтті. Сонымен қатар аталған дәрісхананың ашылуы болашақ әдебиеттанушылар мен педагогтерді даярлайтын қара шаңырақ үшін маңызды тарихи қадам екенін, сондай-ақ Абай мұрасын жүйелі насихаттауға берік негіз болатынын жеткізді.

Симпозиумда құттықтау сөз сөйлеген М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Кенжехан Матыжанов Қайым Мұхамедхановтың ғылыми батылдығы мен абайтанудағы айрықша еңбегіне тоқталды.

Өз сөзінде академик ғалымның жетекшілігімен 30-дан астам диссертация қорғалғанын атап өтіп, Абай шәкірттері мен ізбасарларының еңбектері бүгінгі таңда мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізілгенін айтты. Сонымен қатар 1951 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 25 жылға бас бостандығынан айырылғанына қарамастан, Қайым Мұхамедханов ғұмыр бойы Абай шығармаларының түпнұсқалық мәтінін сақтап, текстологиялық талдау жасап, ғылыми түсініктемелер әзірлегенін ерекше атап өтті.

Іс-шара барысында Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков және Түркия Республикасы консулдығының білім жөніндегі атташесі, профессор Шүкір Көше құттықтау сөз сөйледі. Олар Қайым Мұхамедхановтың ғылыми мұрасын жоғары бағалап, симпозиум мен абайтану дәрісханасының ашылуын отандық ғылым мен мәдениет үшін маңызды тарихи оқиға ретінде бағалады.

Халықаралық симпозиумда баяндамашы ғалымдар заманауи абайтану ғылымының өзекті мәселелерін Қайым Мұхамедхановтың ғылыми мұрасымен сабақтастыра талдап, тың тұжырымдар ұсынды. Шара аясында ғалымның еңбектері мен оған арналған бірнеше ғылыми басылымның тұсауы кесілді. Аталған кітаптарды Қайым Мұхамедханұлы атындағы Білім және мәдениет орталығының директоры, ғалымның қызы Дина Қайымқызы университет қорына табыстады.