
Петропавл қаласында Қозыбаев университеті алаңында Аймақтық ғылым кеңесінің кезекті отырысы өтті. Іс-шара конституциялық реформаларды талқылау аясында ұйымдастырылып, бизнес және ғылыми қауымдастық өкілдерінің басын қосты. Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары, ғылыми қауымдастық, өңірлік бизнес өкілдері мен студенттер қатысты.
Министр өз сөзінде ғылымды қаржыландыру мәселесіне ерекше тоқталды.
«Ғылым және технологиялық саясат» туралы жаңа заңда біз ғылымды қаржыландыру жергілікті бюджеттен қамтамасыз етілуі мүмкін деп қарастырдық. Мемлекет басшысы ғылымды қаржыландыруды ЖІӨ-нің 1%-ына дейін арттыру мақсатын қойды. Конституция жобасында ғылымға, инновацияға және білім беру жүйесіне басымдық берілген. Біз аймақтық университеттердің дамуын ілгерілету үшін жұмыс жасап жатырмыз. Аризона университетімен серіктестігіміз тек академиялық салада ғана емес, сонымен қатар ғылыми салаларда да табысты болып келеді. Айқын мысал ретінде күкіртті полимерлеудің бірлескен жобасын атауға болады. Біздің басты мақсатымыз – ғылымды мүмкіндігінше қолдану және аймақтық экономикаға пайда әкелу», – деп атап өтті министр Саясат Нұрбек.
Өз кезегінде облыс әкімі ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай артқанын жеткізді. Бұрын бұл көрсеткіш 300 млн теңгені құраса, қазір 1,3 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Биылдан бастап ғылым саласын облыстық бюджеттен қаржыландыру да жоспарланып отыр.
Қатысушылардың пікірінше, өңірдің тиімді дамуы өндіріс, ғылым және мемлекеттік құрылымдар арасындағы тығыз ынтымақтастық арқылы жүзеге асады. Мұндай әріптестіктің нақты мысалы – Tomorrow School өңірлік кампусы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар. СҚО Полиция департаментімен бірлесіп қалааралық көлікті бақылауға арналған «Scroll» қауіпсіздік қосымшасы және азаматтардың сауалдарына жауап беретін автоматтандырылған жүйе әзірленген. Ал KDL Raduga компаниясымен бірге өндірістік деректер негізінде өнім ақауларын автоматты түрде анықтайтын қосымша жасалды. Сонымен қатар облыстық прокуратурамен бірлесіп жол-көлік оқиғаларының интерактивті ЖИ-картасы әзірленіп жатыр.
Қонақтар Kozybayev Labs ғылыми кешенінің жұмысымен танысып, «Агрохимиялық аналитика» және «Су сапасын бағалау» зертханаларын аралады. Зертханаларға құны 938 млн теңгені құрайтын заманауи жабдықтар БМҚ жобасы аясында сатып алынған. Өңірде бұл жабдықтың баламасы жоқ. Аталған құралдар ауыл шаруашылығы жемінің сапасын бағалауға, тұқымдық дақылдарды, мал шаруашылығы өнімдерін және топырақ құнарлылығын талдауға мүмкіндік береді. Университет бұл бағытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қызмет көрсетуді жоспарлап отыр.
Университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Ербол Исақаевтың айтуынша, 2021-2025 жылдары оқу орнындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру көлемі он есеге артқан. Зерттеулердің университеттің жалпы табысындағы үлесі 2,8%-дан 14,5%-ға дейін өскен. Коммерцияландыру бағытында өңірлік кәсіпорындармен бірлесіп 1,7 млрд теңгеге өтінім тапсырылып, оның 412 млн теңгесі жеке инвестициялар есебінен қамтылған. Бұл көрсеткіштер университеттің елдегі үздік бес жоғары оқу орнының қатарына енуіне және өңірлер арасында 7-орын алуына мүмкіндік берген.
Шара қорытындысында 66 кәсіпорынмен ғылым, білім және бизнес арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған салалық консорциумдар құру жөніндегі келісімдерге қол қойылды.