Қазақстандық ғалымдардың ғылыми әзірлемесі жаңа буындағы биотыңайтқыштарды жасауға жол ашады

Қазақстандық ғалымдардың ғылыми әзірлемесі жаңа буындағы биотыңайтқыштарды жасауға жол ашады

Қазақстандық ғалымдардың ғылыми әзірлемесі жаңа буындағы биотыңайтқыштарды жасауға жол ашады

Сәтбаев университетінің ғалымдары химиялық тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолданбай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін биотехнологиялық әдіс әзірледі. Ғылыми жаңалық пайдалы микроорганизмдердің біртұтас команда ретінде жұмыс істеуіне негізделген синтетикалық микробтық қауымдастық құруды көздейді.

Дәстүрлі биологиялық шешімдердің негізгі кемшілігі – олардың әртүрлі топырақ-климаттық жағдайларда тұрақты нәтиже бермеуі. Ал жаңа әзірлеме түрлі табиғи ортада тиімділігін сақтай отырып, тұрақты нәтиже көрсетуімен ерекшеленеді. Алматы өңіріндегі суармалы күріш алқаптарында жүргізілген тәжірибелік сынақтар нәтижесінде өсімдіктердің тамыр жүйесінің 20-25 пайызға нығайғаны анықталды.

Жоба жетекшісі, биотехнология саласы бойынша PhD докторы Бекжан Косалбаевтың айтуынша, жеке бактерия штаммдары әртүрлі топырақ пен климат жағдайында бірдей әсер көрсете бермейді. Осыған байланысты зерттеушілер бірнеше микроорганизмді біріктіре отырып, синтетикалық микробтық қауымдастық құрған. Мұндай комбинация өсімдіктердің қоректік заттарды сіңіру қабілетін арттырып, олардың стресс факторларына және қолайсыз сыртқы әсерлерге төзімділігін күшейтеді.

Зерттеу барысында төрт бактериядан тұратын FSQN синтетикалық қауымдастығы жоғары тиімділік көрсетті. Аталған қауымдастық күрделі топырақ жағдайларында жеке штаммдарға қарағанда анағұрлым нәтижелі болып шықты. Кейінгі кезеңде құрамына азот бекітуші цианобактериялар қосылып, NFJK синтетикалық қауымдастығы әзірленді.

Дәстүрлі агрохимиялық тәсілдер өнімділікті арттырғанымен, көп жағдайда топырақтың тозуына және су ресурстарының ластануына әкелетіні белгілі. Ал қазақстандық ғалымдардың бұл ғылыми жобасы экологиялық қауіпсіз биотыңайтқыштардың жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік беріп, өсімдік шаруашылығын тұрақты дамытуға негіз қалайды.

Қазіргі уақытта Сәтбаев университетінің қауымдастырылған профессоры Бекжан Косалбаев жас ғалымдармен бірлесе отырып, Қытайдың жетекші университеттерінің бірінде ғылыми зерттеулерін жалғастырады. Зерттеу нәтижелері патенттеліп, халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда жарияланған.