Yessenov University-де «Ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиялық жай-күйі мен мінез-құлық ерекшеліктерін инвазивті емес мониторингтеуге арналған зияткерлік жүйе» атты ғылыми жоба іске асырылып жатыр. Зерттеу жұмысы «Компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект» факультетінің ғалымдар тобы тарапынан жүзеге асырылып, жобаға Ресей Федерациясының Белгород мемлекеттік ұлттық зерттеу университетінің шетелдік профессоры тартылған. Жоба жетекшісі – қауымдастырылған профессор Олег Иващук.
Жобаның мақсаты – компьютерлік көру, жасанды интеллект және робототехника технологияларын пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиялық жағдайы мен мінез-құлқын байланыссыз режимде талдайтын зияткерлік цифрлық платформаны әзірлеу.
Зерттеудің өзектілігі Маңғыстау облысының аридті климаттық ерекшеліктерімен, жемшөп ресурстарының шектеулілігімен және мал шаруашылығындағы өндірістік тәуекелдердің жоғары болуымен байланысты. Мұндай жағдайда жануарлардың жай-күйін ерте кезеңде анықтау, өнімділікті болжау және деректерге негізделген басқару шешімдерін қабылдау саланың тұрақты дамуы үшін аса маңызды.
Жоба аясында көпарналы бейнебақылау деректерін өңдеуге арналған компьютерлік көру алгоритмдері әзірленіп, жануарларды автоматты түрде сәйкестендіру және олардың жеке цифрлық профильдерін қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар терең нейрондық желілер негізінде мінез-құлық паттерндерін анықтайтын модельдер қолданылып, бейнеағындарды нақты уақыт режимінде талдайтын бағдарламалық-аппараттық кешен жасалады. Мобильді робототехникалық платформа стационарлық бақылау жүйесімен біріктіріліп, үлкен деректерді өңдеуге арналған нейроесептеу инфрақұрылымы енгізіледі.
Әзірленген жүйе тәулігіне мыңдаған бақылау актілерін автоматты түрде талдауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жануарлардың қозғалыс белсенділігі, азық тұтыну динамикасы, топтық мінез-құлқы, дене күйінің өзгерістері мен стресс белгілері бағаланады.
Жоба нәтижелері өндірістік жағдайда сынақтан өткен. Компьютерлік көру модулімен жабдықталған зияткерлік жемшашар әзірленіп, фермерлік шаруашылық базасында стационарлық бейнемониторинг жүйесі енгізілді. Сонымен қатар жануарларды талдауға арналған мобильді робототехникалық платформа жасалды.
Жобаның практикалық маңыздылығы – ауруларды ерте анықтау, өндірістік шығындарды азайту және мал шаруашылығын деректерге негізделген басқару моделіне көшіру мүмкіндігімен айқындалады.
Зерттеу нәтижелері бойынша Scopus дерекқорында индекстелетін (Q1-Q3) ғылыми журналдарда 4 мақала жарияланып, Қазақстан Республикасының пайдалы модельге арналған патенті алынды. Сонымен қатар екі пайдалы модельге өтінім берілді.