ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Buketov National University-дің материалдық-техникалық базасымен, сондай-ақ оның ғылыми және білім беру әлеуетімен танысты.
Бағдарлама аясында министр заң факультетінің тергеу әрекеттерін модельдеу кабинетін аралап көрді. Аталған кабинетте болашақ заңгерлер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған практикаға негізделген заманауи оқыту әдістемелері қолданылады. Сонымен қатар қаржылық қауіпсіздік пен экономикалық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл саласы үшін мамандар даярлауға арналған арнайы жабдықтармен және оқу-әдістемелік материалдармен қамтылған экономикалық тергеп-тексеру қызметінің оқу-әдістемелік кабинетінің жұмысы таныстырылды. Сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйесінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым-заңгер Салық Зимановтың есімі берілген аудиторияға ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша министр университетте енгізіліп жатқан инновациялық білім беру технологияларына, материалдық-техникалық жарақтандырудың қазіргі заман талаптарына сай деңгейіне және кадр даярлаудың тәжірибеге бағдарланған моделіне жоғары баға берді. Аталған оқыту форматы құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызмет жүйесінде сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға мүмкіндік беретіні атап өтілді.