Қазақстандық жоғары оқу орны түркі әлемінің үздік бес университетінің қатарына енді

Қазақстандық жоғары оқу орны түркі әлемінің үздік бес университетінің қатарына енді

Қазақстандық жоғары оқу орны түркі әлемінің үздік бес университетінің қатарына енді

Алғаш рет беделді халықаралық Times Higher Education рейтингі Орталық Еуразия университеттерінің рейтингін жариялады. Аймақтағы 122 жоғары оқу орнының ішінде Nazarbayev University түркиялық Boğaziçi University университетімен қатар 4-орынға ие болды. Рейтингтегі жоғары көрсеткіштер студенттер мен түлектер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың дипломының беделі мен құндылығын арттырады.

Рейтинг 2026 жылғы жаһандық World University Rankings деректеріне негізделген. 2010 жылы құрылғанына қарамастан, NU рейтингке қатысқан қазақстандық жоғары оқу орындарының ішінде Орталық Азияда көшбасшы болып қала береді. Ол тек үш түрік университетіне – Koç University (1993 жылы құрылған), Middle East Technical University (1956 жылы құрылған) және Sabanci University (1994 жылы құрылған) жол берді.

«Бұл жетістік біздің Орталық Еуразиядағы алдыңғы қатарлы университет ретіндегі орнымызды айқындай түседі», – деді Вакар Ахмад, NU президенті. «Біздің мақсатымыз – зерттеу, инновация және білім беру саласында әлемдік деңгейге көтеріле отырып, Қазақстан мен бүкіл өңірдің дамуына үлес қосу. Стратегиялық басымдықтарды нақтылау, академиялық басқаруды күшейту және ғылыми зерттеулер мен инновацияларға салынған инвестициялар осы мақсатқа жету жолындағы ілгерілеуді жеделдетеді. Алдағы жылдары бұл нәтижелер университеттің халықаралық рейтингтердегі көрсеткішінен айқын көрінеді деп сенеміз».

Түрік университеттерінің басымдығына қарамастан, дәл қазақстандық NU шетелдік студенттер, оқытушылар және ғылыми жарияланымдар саны бойынша жоғары халықаралық белсенділік танытып отыр. Бұған докторантураны қолдау бағдарламасының кеңеюі де ықпал етті: NU тарапынан бөлінетін PhD гранттарының саны екі есеге артып, 200-ге жетті. Қосымша гранттар барлық бағыттар бойынша қолжетімді, құжат қабылдау 2026 жылдың наурызына дейін жалғасады.

NU түрік университеттерімен серіктестікті белсенді дамытып, бірлескен пәнаралық жобаларды жүзеге асыруда және академиялық алмасу бағдарламаларын қолдайды. Цифрлық технологияларға ерекше көңіл бөлінуде: Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) түркі елдерінің тілдерінде сөйлеуді тану, машиналық аударма және синхронды аударма жасауға арналған MangiSoz 3 және TilSync көптілді платформаларын әзірлеп үнемі жетілдіріп жатыр.

Айта кетейік, пилоттық рейтингке Түркі мемлекеттері ұйымына мүше бес елдің – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан – университеттері енді. Болашақта жоғары оқу орындары мен елдер тізімі кеңеюі мүмкін.

NU-дың түркі әлемінің үздік университеттері қатарына қосылуы оның өңірдегі жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтып, Орталық Еуразия жоғары оқу орындарының жаһандық бәсекелестігі күшейіп келе жатқанын көрсетеді.