
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде KazChessLab инновациялық зертханасының ашылу салтанаты өтті. Аталған жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен QyzPU мен Қазақстан шахмат федерациясы арасындағы серіктестік аясында жүзеге асырылды.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов, федерацияның вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов, сондай-ақ Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы - ректоры Бейбіткүл Кәрімова қатысты.
KazChessLab – болашақ мұғалімдерді жалпы білім беретін мектептерде шахмат пәнін оқытуға даярлауға бағытталған заманауи білім беру алаңы. Зертхана шахматтық білім беру әдістемесін дамыту орталығы ретінде жұмыс істеп, студенттердің практикалық оқыту дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұнда шеберлік сабақтары, ғылыми семинарлар және студенттердің практикалық сабақтары өткізіледі.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шахматты стратегиялық тұрғыда дамыту мәселелеріне тоқталды.
«2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен шахмат ойынын стратегиялық тұрғыда дамыту жоспары бекітілді. Әр бала мектеп жасынан бастап шахматпен танысып, оны меңгеруі тиіс. Қазіргі таңда елімізде шахмат бойынша айтарлықтай биік жетістіктеріміз бар. Осы жетістіктерімізді ары қарай дамыту үшін ең алдымен білікті ұстаздар қажет», – деді министр.
Бағдарлама педагогикалық мамандықтарда білім алатын студенттерге арналған және minor форматында жүзеге асырылады. Курсты аяқтаған болашақ мұғалімдерге мектептерде шахмат пәнін оқыту құқығын растайтын сертификат беріледі. Іс-шара аясында осы бағыт бойынша даярлықтан өткен алғашқы 25 жас маманға сертификаттар табысталды.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы - ректоры Бейбіткүл Кәрімова шахматты оқытудың маңыздылығына ерекше тоқталып, студенттер мен оқытушыларға сәттілік тіледі.
«Университетімізде KazChessLab инновациялық зертханасының ашылуы – білім беру мазмұнын жаңғыртуға және болашақ педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Шахмат – тек ойын ғана емес, ол стратегиялық ойлау мәдениетін, жауапкершілік пен табандылықты қалыптастыратын құрал. Осы пәнді кәсіби деңгейде оқыта алатын мұғалімдерді даярлау – бүгінгі күннің өзекті міндеті», – деді ректор.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов өз сөзінде көпжылдық жұмыстың нәтижесіне тоқталып, зертхананың ашылуын маңызды тарихи кезең ретінде бағалады.
«Қазақстандық шахмат бірнеше жыл бойы осы мақсатқа ұмтылып келді. Бұл жас мамандар балаларға тек ойын ережелерін үйретіп қана қоймай, олардың зияткерлік дамуына бағыт-бағдар беретін ұстаздарға айналады. Заманауи инфрақұрылым, мықты педагогикалық мектеп және мемлекеттік қолдаудың үйлесімі Қазақстандағы шахматты және шахматтық білім беруді жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін», – деді ол.