
Жыл басында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің делегациясы Ұлыбританияның Кембридж қаласында орналасқан AstraZeneca ірі ғылыми-зерттеу орталығына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында министрлік пен компания арасында ғылым, зерттеу және инновация саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Аталған келісімдер аясында бірлескен жобаларды іске асырудың алғашқы қадамы ретінде AstraZeneca-ның қазақстандық өкілдері Қозыбаев университетіне іссапармен келді. Сапар барысында қонақтар университеттің заманауи зертханалық инфрақұрылымымен, атап айтқанда микробиология, мультимодальды микроскопия, қоршаған орта токсикологиясы және биоәртүрлілік, су ресурстары, сондай-ақ медицина саласындағы ғылыми-зерттеу жабдықтарымен танысты.
Қозыбаев университетінің Басқарма төрағасы - ректоры Ербол Исақаев өңірлік деңгейде мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті:
«Аймақтағы жалғыз университет ретінде мұндай кездесулер коммуникацияларды дамытуға, бірлескен жобаларды айқындауға айрықша мүмкіндік береді. Біз өз ғылыми әлеуетімізді ұсындық және алдағы ынтымақтастыққа толық дайынбыз», – деді ол.
AstraZeneca – онкология, кардиология, пульмонология, нефрология және иммунология салаларында рецепт бойынша берілетін дәрі-дәрмектерді зерттеу және өндіруге маманданған, әлемдегі жетекші британдық биофармацевтикалық компаниялардың бірі. Сондай-ақ компания COVID-19 вакцинасының әзірлеушісі ретінде кеңінен танымал.
AstraZeneca Қазақстан ЖШС сыртқы коммуникациялар және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі директоры Арсен Насырханов компанияның жаһандық қызметі туралы мәлімет берді:
«Біз Ұлыбритания мен Швециядағы негізгі салық төлеушілердің қатарындамыз. Компанияның жылдық табысы 54 миллиард АҚШ долларын құрайды, оның шамамен 15 миллиард доллары ғылыми зерттеулерге бағытталады. Бүгінде компанияда 90 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді және әлем бойынша 10 ірі зерттеу орталығы бар», – деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша Қозыбаев университеті мен AstraZeneca Қазақстан арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында тараптар медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған оқыту іс-шараларын ұйымдастыруды, оның ішінде семинарлар мен конференциялар өткізуді көздейді. Сондай-ақ эндоскопия саласындағы дәрігерлердің құзыреттерін жетілдіру, созылмалы обструктивті өкпе ауруы, демікпе, гипертония және онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау бойынша ақпараттық-ағарту бастамаларын іске асыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, жастар денсаулығын нығайтуға және қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған AstraZeneca Young Health Program гранттық бағдарламасын қолдау, сондай-ақ диагностика мен емдеудің заманауи тәсілдері бойынша халықаралық тәжірибе алмасу қарастырылған.
Аталған ынтымақтастық еліміз үшін, соның ішінде солтүстік өңір үшін ерекше маңызға ие. Бұл бастамалар медицина қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін арттыруға, аурулардың алдын алу мен ерте диагностикалау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ ғылым мен денсаулық сақтау саласындағы халықаралық серіктестікті нығайтуға ықпал етеді.