
Инновациялық Еуразия университетіне Қытай Халық Республикасынан тілдік тағылымдама және академиялық алмасу бағдарламасы аясында бір топ студент келді.
Сиань (Xi’an) қаласындағы өңірдің жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Xijing University-де «Қытай филологиясы» мамандығы бойынша білім алып жатқан үш студент Павлодар қаласына қазақ және орыс тілдерін тереңдетіп меңгеру мақсатында келді. Алдағы бес ай бойы олар Инновациялық Еуразия университеті (ИнЕУ) базасында білім алып, тәжірибеден өтеді.
Шетелдік студенттер университет жатақханасына орналастырылып, оқу үдерісіне белсенді түрде кірісті. Бағдарламаға қатысушылардың бірі – төртінші курс студенті, ал екеуі екінші және үшінші курстарда білім алады. Студенттердің айтуынша, Қазақстанда тілдік тағылымдамадан өту олардың кәсіби дамуына ғана емес, Орталық Азияның мәдениеті мен дәстүрлерін тереңірек танып-білуге де мол мүмкіндік береді.
ИнЕУ-де Қытайдан келген студенттердің сапары университеттер арасындағы халықаралық ынтымақтастық пен академиялық байланыстардың нығаюының айқын көрінісі екені атап өтілді. Алмасу бағдарламасы тілдік құзыреттілікті жетілдірумен қатар мәдениетаралық диалогты кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және екі ел жастары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.
Тағылымдама барысында студенттер қазақ және орыс тілдері бойынша сабақтарға қатысып, мәдени-танымдық және білім беру іс-шараларына белсенді атсалысады. Сонымен қатар Қазақстанның тарихы мен салт-дәстүрімен, ИнЕУ-дің студенттік өмірімен жақын танысады.
Университет басшылығы мұндай білім беру бастамалары халықаралық академиялық ұтқырлықты дамытуға ықпал етіп, қазақстандық жоғары білімнің халықаралық деңгейдегі тартымдылығын арттыратынын атап өтті. Сиань қаласынан келген студенттердің сапары Қазақстан мен Қытай жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік қатынастарды нығайтудың маңызды кезеңі болды.