
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылыми әлеуетті арттыруға, жас ғалымдарды қолдауға және ғылым инфрақұрылымын жаңғыртуға стратегиялық басымдық беріп отырғаны белгілі. Оған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі де қолдау тынытып отыр. Осыған орай бүгін Абай университетінде ғылыми-тәжірибелік зерттеу жұмыстарымен айналысатын 6 зертхананың тұсауы кесілді. Жаратылыстану және география факультетінің базасында іске қосылған зертханалар тың жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Абай университетінің қабырғасында ашылған алты зертхана түрлі бағыттарды қамтиды. Химия кафедрасы бойынша қолданысқа берілген бес зертхана аналитикалық химия, нанохимия, электрохимия және химиялық технологиялар салаларына арналса, Биология кафедрасында эксперименталдық биология бойынша іске қосылды. Заманауи зертханалар ғылыми-тәжірибелік зерттеу жұмыстарын жүргізуге, маман даярлау сапасын арттыруға және ғылымды дамытуға үлесі мол.
Мысалы, Эксперименталдық биология зертханасы – іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізетін материалдық-техникалық база. Бұл жерде биологиялық үрдістердің механизмдерін анықтауға, ғылыми гипотезаларды эксперименттік жолмен тексеруге мүмкіндік бар. Зертханада тірі ағзалардың өсуі мен дамуының заңдылықтарын зерделеп, патогенді микроағзалар және өсімдік ауруларының қоздырғыштары анықталады. Сыртқы орта факторларының биологиялық нысандарға әсері бағаланады.
– Бұл зертхана соңғы үлгідегі эксперименттік құрал-жабдықтармен жабдықталды. Мысалы, микроскоптар арқылы ұлпалардың өлшем-бірліктеріне дейін көре аламыз. Климаттық камерамен өсімдіктердің меристемалық ұлпаларын және микроскопиялық саңыраулақтарды өсіруге мүмкіндік береді. Өсімдіктің ауруға қарсы иммунитеттік генін анықтауға ПЦР анализ машинасы да орнатылды. Сондықтан, эксперименталды биология зертханасының зерттеу мүмкіндігі өте жоғары, – дейді PhD доктор, қауымдастырылған профессор Қанат Ғалымбек.
Ал Электрохимия зертханасы – электр энергиясы мен химиялық процестердің өзара әрекеттесуін, соның ішінде коррозия, электросинтез және химиялық ток көздерін зерттейтін орталық. Мұнда студенттер мен жас зерттеушілер дипломдық жұмыстарды, ғылыми жобаларды дайындайды, өндірістік қолданбалы зерттеу жұмыстарымен айналыса алады.
Аналитикалық химия зертханасы қатты және сұйық фазаларды физика-химиялық талдауға, шикізат пен өнім талдау әдістемелерін жетілдіруге арналған. Нанохимия лабораториясы – нанобөлшектерді синтездеу, зерттеу және қолданумен айналысатын орталық. Студенттер мен магистранттар электронды микроскопия және наноматериалтану салаларында ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуге пайдаланады.
Шикізатты өңдеп, жаңа өнімдер алу үшін қолданбалы зерттеулер жүргізуге арналған Химиялық технология зертханасы ғылым мен өндірісті ұштастыратын алаң. Мұнда химиялық процестерді модельдеп, материалдарды сынақтан өткізеді. Жергілікті шикізатты пайдаланып, экологиялық таза өнімдер, емдік фитопрепараттар және жаңа химиялық қосылыстар әзірлейді.
Заманауи зертханалар сапалы маман даярлауға, ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға және іргелі әрі қолданбалы зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.