
Жаңа маусымға қатысушыларды анықтау мақсатында «Хабар» телеарнасында көрсетілетін «Азамат» интеллектуалды бағдарламасының республикалық іріктеу турнирлері өтті. Іріктеу кезеңі 2025-2026 оқу жылының желтоқсан-қаңтар айларында еліміздің бес өңірінде ұйымдастырылды.
Турнирлер Астана, Ақтөбе, Шымкент, Алматы және Павлодар қалаларында өткізіліп, Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген жоғары оқу орындарының студенттерін қамтыды.
Республикалық іріктеу турнирлеріне еліміз бойынша 600-ге жуық пікірсайысшы қатысып, өзара бәсекеде зияткерлік деңгейін көрсетті. Іріктеу барысында қатысушылардың ойды жеткізу мәдениеті, аргументация сапасы, жалпы эрудициясы, азаматтық ұстанымы мен көшбасшылық әлеуеті жан-жақты бағаланды.
Бағдарлама талаптарына сәйкес үміткерлер алдын ала ұсынылған тақырыптардың бірі бойынша үш минуттық сөз сөйледі. Бұл кезеңде ойдың анықтығы, дәлел келтіру деңгейі, сөйлеу мәнері және уақытты тиімді пайдалану қабілеті ескерілді. Сонымен қатар блиц-сұрақтар мен портфолионы бағалау арқылы қатысушылардың жалпы эрудициясы, азаматтық белсенділігі мен көшбасшылық қасиеттері айқындалды.
Іріктеу қорытындысы бойынша «Азамат» интеллектуалды бағдарламасының екінші маусымына жолдама алған жоғары оқу орындарының тізімі анықталды. Атап айтқанда: Нархоз Университеті, Maqsut Narikbayev University, Назарбаев Университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, SDU University, Қарағанды медицина университеті, Астана халықаралық университеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Шәкәрім университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Тұран Университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қ.Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Ұлттық зерттеу университеті, Ш.Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг университеті, Алматы технологиялық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Азаматтық авиация академиясы, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы.
Айта кетейік, 2000 жылдардың басында «Еларна» телеарнасында көрсетілген «Азамат» интеллектуалды бағдарламасы тұтас бір буынның санасында сақталып, болашақ саясаткерлердің, кәсіпкерлердің, топ-менеджерлер мен қоғам қайраткерлерінің қалыптасуына ықпал еткен жобалардың бірі болды.
Бүгінде «Азамат» бағдарламасы жаңартылған форматта қайта оралып, еліміздегі 100-ге жуық жоғары оқу орны арасынан пікірсайыс қозғалысы белсенді дамыған 32 университеттің басын қосты. Осы университеттердің ең мықты қатысушылары жаңа маусымда жеңіс тұғыры үшін бақ сынайды.