
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Farabi Hub инновациялық өнімдер және жоғары технологиялық жобалар орталығында Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. ASTRASEC PTE. LTD (Сингапур) және «Qubitera» ЖШС технологиялық серіктестерімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жоба Қазақстанның ұлттық кванттық экожүйесін қалыптастырудың негізіне айналмақ.
Орталық қызметі іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге, зерттеушілерді, инженерлерді және технологиялық кәсіпкерлерді қамтитын жаңа буын мамандарын даярлауға, кванттық қорғалған байланыс пен есептеу шешімдерін дамытуға бағытталған. Сонымен қатар орталық озық халықаралық тәжірибелерді трансферлеуге, бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен технологиялық стартаптарды іске қосуға жұмыс істейді.
Бірінші кезеңде заманауи фотондық жүйелермен және оқу-тәжірибелік инфрақұрылыммен жабдықталған кванттық криптография және кванттық байланыс зертханасы іске қосылды. Бұл ғылыми зерттеулер жүргізуге және мамандарды практикалық даярлауға мүмкіндік береді.
Іс-шараға қатысушыларды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтап, жобаның ғылым мен жоғары білімді дамыту, цифрлық және технологиялық қауіпсіздікті күшейту, инновациялық экономиканы қалыптастыру және маңызды салаларға кадр даярлау бағытындағы мемлекеттік басымдықтарға сәйкес келетінін айтты.
«Бүгінде әлем кванттық революцияның қарсаңында тұр. Оның маңыздылығы – дәстүрлі кремний технологияларына негізделген заманауи цифрлық, коммуникациялық және есептеу жүйелерінің әлеуеті өзінің шарықтау шегіне жеткенінде. Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасындағы бұл орталық еліміздің ғылымы мен экономикасын дамытуға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деп атап өтті министр.
Жиында ҚазҰУ Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, ғылым мен бизнестің ықпалдасуының стратегиялық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, университет әлемдік деңгейдегі инновациялар тоғысатын орталыққа айналып келеді.
«Жаңа орталықтың құрылуы – ҚазҰУ-ды әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру стратегиясын іске асырудағы маңызды қадам. Біз болашақ технологияларын жасау үшін қуатты академиялық әлеуетті сингапурлық серіктестердің озық тәжірибесімен біріктіреміз. Қазақстан мен Сингапурдың кванттық саладағы ынтымақтастығы синергетикалық әсер береді», – деді ректор.
ASTRASEC PTE. LTD компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы өз сөзінде:
«Кванттық зерттеулерді дамыту – Қазақстан үшін стратегиялық қажеттілік. Жаңа буын кванттық технологияларына ие елдер ақпараттық қауіпсіздік саласында шешуші артықшылыққа қол жеткізеді. Бүгінде негізгі басымдық кванттық коммуникацияға беріліп отыр: ол мемлекеттің цифрлық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, болашақтағы ең перспективалы технологияларды дамытуға жол ашады», – деді.
Салтанатты рәсімде сондай-ақ ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов, ҚР Энергетика вице-министрі Ілияс Нәссенұлы, ҚР Қорғаныс министрлігі Цифрландыру департаментінің директоры Серік Божғұлов және басқа да қатысушылар сөз сөйледі.
Орталықтың ашылуына арналған іс-шаралар аясында «Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығы – ұлттық кванттық экожүйенің өсу нүктесі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Талқылауға ғалымдар және технологиялық компаниялар басшылары қатысты. Қатысушылар орталықтың даму бағыттарын талқылап, кванттық киберқауіпсіздік, индустриялық серіктестік және бірлескен жобаларды жүзеге асырудағы зияткерлік меншікті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударды.