Алматыда ғылым мен жоғары білім саласының үздік өкілдері марапатталды

Алматыда ғылым мен жоғары білім саласының үздік өкілдері марапатталды

Алматыда ғылым мен жоғары білім саласының үздік өкілдері марапатталды

Алматы қаласында отандық ғылым мен жоғары білімді дамытуға елеулі үлес қосқан бірқатар ғалымдар мен жоғары оқу орындарының оқытушылары марапатталды.

Салтанатты іс-шара барысында ғылым саласында ұзақ жылдар бойы нәтижелі еңбек етіп, ғылыми зерттеулерімен және педагогикалық қызметімен ерекшеленген зерттеуші-ғалымдарға «Ерен еңбегі үшін» медалі, сондай-ақ Қ.И.Сәтбаев, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Д.А.Қонаев, Күлтегін және М.О.Әуезов атындағы арнайы сыйлықақылар табысталды.

Сонымен қатар ғылыми әлеуетті дамытуға қосқан үлесі үшін мемлекеттік ғылыми стипендия лауреаттары марапатталды.

Бұдан бөлек, жоғары білім беру сапасын арттыруға бағытталған қызметі үшін Аккредиттеу туралы куәлік ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының Президенті Рахман Алшановқа табыс етілді.

Аталған марапаттарды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев салтанатты түрде табыстады.

Шара барысында министр Саясат Нұрбек барлық жеңімпаздарды құттықтап, еліміздің білім және ғылым саласын дамытуға аянбай еңбек еткен оқытушылар мен ғалымдардың ерен еңбегін атап өтті.

«Бүгінгі марапат ғалымдардың жеке жетістігі ғана емес, Қазақстанның білім мен ғылым саласының жоғары деңгейде дамып, жаңа белестерге жеткенінің айғағы. Сіздер осы жолда өлшеусіз үлес қосып келесіздер, ал біз бұл еңбектеріңізді әрқашан құрметтеп, қолдап отырамыз. Әр ғалым мен оқытушының жұмысы еліміздің дамуына деген үлкен қадам. Алдағы уақытта да ғылым мен білім саласындағы жаңа жетістіктер мен тың идеяларды бірге жүзеге асыра береміз деп сенемін», – деді Саясат Нұрбек.

Бұған қосымша «Үздік ғылыми қызметкер – 2025» және «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы – 2025» байқауларының жеңімпаздары марапатталды.

«Үздік ғылыми қызметкер – 2025» сыйлығы 50 ғалымға табысталды. Ал «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағы 150 оқытушыға берілді. Конкурс барысында электрондық білім беру ресурстары мен оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық ғылыми журналдардағы ғылыми жарияланымдар, патенттер және оқытушылардың өзге де ғылыми нәтижелері сияқты көрсеткіштер бағаланды. Оқытудың сапасына, үміткерлердің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі үшін кадрлар даярлауға қосқан үлесіне ерекше назар аударылды.