Аида Балаева Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысты

Аида Балаева Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысты

Аида Балаева Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысты

Алматыда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жоғары білім мен ғылым: цифрландыру және жасанды интеллект жылы» тақырыбындағы кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ 100-ден астам жетекші ғалым, жоғары оқу орындарының ректорлары, халықаралық серіктестер, ғылыми ұйымдар мен сараптамалық қауымдастықтардың өкілдері, профессорлар мен оқытушылар қатысты.

Отырыста министрліктің 2025 жылы атқарған жұмыстарының қорытындылары және 2026 жылға арналған басым міндеттері туралы есеп тыңдалды. Баяндамашы білім және ғылым саласындағы негізгі үрдістер мен өзекті мәселелерге тоқталып, 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысын жан-жақты саралады.

Күн тәртібінде жоғары білім мен ғылымды цифрлық трансформациялау, жасанды интеллект технологияларын енгізу, кадр даярлау сапасын арттыру, ғылым мен өндіріс ықпалдастығын күшейту мәселелері кеңінен талқыланды.

Премьер-Министрдің орынбасары өз сөзінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру сапасын арттыруға басымдық беру қажеттігін атап өтті. Осы бағыттағы жұмысты еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкес «министрлік – жоғары оқу орындары – әкімдіктер» үштігінің үйлесімді әрі тұрақты өзара іс-қимылы негізінде жүйелеуді тапсырды.

Сонымен қатар Аида Балаева еліміздің маңызды тарихи кезеңге қадам басқанын атап өтті. Қазақстан жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында тұр. Жаңа Ата Заңда білім, ғылым және инновациялар адам капиталын дамытудың негізгі факторы әрі мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалатынына назар аударды.

Жиын соңында Үкімет басшысының орынбасары министрлік алдында тұрған бірқатар нақты міндеттерді белгілеп, салалық ведомствоға тиісті тапсырмалар жүктеді.

Іс-шара аясында Аида Балаева жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарының инновациялық жобалар көрмесін аралап көрді. Премьер-Министрдің орынбасарына 40-тан астам ғылыми жоба таныстырылды. Аталған жобалар сәтті аяқталып, патенттелген және қазіргі таңда өндіріске енгізілуде.