Жоғары білім мен ғылымды цифрлық жаңғыртудың жаңа міндеттері айқындалды

Жоғары білім мен ғылымды цифрлық жаңғыртудың жаңа міндеттері айқындалды

Жоғары білім мен ғылымды цифрлық жаңғыртудың жаңа міндеттері айқындалды

Алматы қаласында Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті базасында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жоғары білім және ғылым: цифрландыру және жасанды интеллект жылы» атты кеңейтілген алқа отырысы аясында жұмыс кеңесі өтті.

Іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің аппарат басшысы Мадияр Қожахметов ашты. Аппарат басшысы ғылымды басқару мен дамытуда жаңа тәсілдерге көшу қажеттігін ерекше атап өтіп, цифрландыру үдерістерін жүйелі түрде енгізу және жасанды интеллект технологияларын ғылыми зерттеулер мен жоғары білім беру жүйесіне интеграциялау басым бағыттардың бірі екенін жеткізді.

Сонымен қатар Мадияр Дүйсенбайұлы аталған бағыттар министрліктің стратегиялық құжаттары аясында кезең-кезеңімен іске асырылатынын және бұл жұмыстар ғылыми қауымдастықпен тығыз өзара іс-қимылда жүргізілетінін атап өтті.

Жиында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова ғылым саласындағы негізгі мәселелер мен жоғары білім беру жүйесін жетілдіру шараларына тоқталды.

«Ғылым және жоғары білім саласындағы саясат 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдама аясында жүзеге асырылады. Қазіргі кезеңде ғылыми саланың институционалдық негізі қалыптасты. Дегенмен, цифрлық трансформация жүйелі өзгерістерді талап етеді. Бүгінгі міндет – университеттердің білім беру бағдарламаларын жаңа технологиялық шындыққа бейімдеу. Қазіргі мамандықтар тар бейінді емес, цифрлық технологиялармен, деректер аналитикасымен және жасанды интеллект құралдарымен интеграцияланған әмбебап құзыреттерге негізделуі тиіс», – деді вице министр.

Оның айтуынша, заманауи технологияларды тиімді пайдалану ғылыми зерттеулердің сапасы мен нәтижелілігін арттыруға, кадр даярлау мазмұнын жаңғыртуға және ұлттық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік бермек.

Цифрландыру және жасанды интеллект мәселелері бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Цифрландыру департаментінің директоры Аян Рамазан баяндама жасады. Ол Open AI, GPT чат технологиялары мен суперкомпьютерлерді білім беру және ғылыми зерттеулер үдерісіне енгізудің маңызын атап өтті.

«Жасанды интеллект – жоғары білім мен ғылымды дамытудың жаңа кезеңі. Біз цифрлық инфрақұрылымды нығайтып, университеттерде заманауи IT-шешімдерді енгізуге, соның ішінде Open AI және GPT негізіндегі құралдарды тиімді пайдалануға жағдай жасап жатырмыз. Бұл білім беру сапасын арттырып қана қоймай, ғылыми зерттеулердің жылдамдығы мен нәтижелілігін күшейтеді», – деді департамент директоры.

Алқа отырысы барысында Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова білім беру бағдарламаларын талдау нәтижелерін таныстырды. Сонымен қатар Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының директоры Әлібек Мәдібеков жаңа буын кадрларын даярлау және білім беру жүйесін еңбек нарығымен синхрондау мәселелеріне тоқталды.

Сондай-ақ жиын аясында тестілеу жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және ETS жобасын іске асыру барысы, «Study in Kazakhstan» бастамасы аясында қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық тартымдылығын арттыру, шетелдік студенттерді тарту және білім беру экспортын дамыту мәселелері көтерілді. Ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру тетіктері, ғылым мен бизнестің байланысын күшейту, сондай-ақ «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламаларын іске асыру қорытындылары қарастырылды.

Бұдан бөлек, ғылым саласындағы негізгі сандық көрсеткіштер мен гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстарының рәсімдеріне шолу жасалды. Инновацияларды дамыту, стартап-жобаларды қолдау және технологиялық кәсіпкерлікті ілгерілету бағыттары талқыланды. Сонымен қатар жоғары білім беру жүйесінде цифрлық шешімдерді енгізу және халықаралық ІТ-компаниялармен әріптестікті кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Шара нәтижесінде ғылым мен жоғары білім беру жүйесін цифрландыруды жеделдету, жасанды интеллект технологияларын енгізу, білім беру бағдарламаларын жаңарту және кадр даярлау сапасын арттыру бағытында нақты міндеттер айқындалды.