Ғылым мен технологиялар кеңістігі: Сәтбаев университетінде «Қаныш әлемі» орталығы ашылды

Ғылым мен технологиялар кеңістігі: Сәтбаев университетінде «Қаныш әлемі» орталығы ашылды

Ғылым мен технологиялар кеңістігі: Сәтбаев университетінде «Қаныш әлемі» орталығы ашылды

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы аясында Сәтбаев университетінде «Қаныш әлемі» орталығының ашылу салтанаты өтті. Орталық Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғылыми мұрасын көпшілікке таныту мақсатында кітапханалық қорларды, архивтік материалдарды, ғалымның жеке заттарын және заманауи цифрлық құралдармен толықтырылған.

Кеңістік зерттеушілерге, студенттерге, оқушылар мен кең жұртшылыққа арналған бірыңғай интеграциялық алаң ретінде құрылып, алғашқы дереккөздермен және білім беру материалдарымен қолма-қол бір кеңістікте жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Орталық келушілеріне «Қаныш әлемі» порталына, «Satpaev AI» қосымшасына, кітапханалық ресурстарға, бейнедәрістер мен архивтік материалдарға қол жеткізу ыңғайлы түрде ұсынылған. Бұл ресурстар жүйелі түрде жаңартылып, толықтырылып отырады. Болашақта «Қаныш әлемі» платформасы Сәтбаев есімімен байланысты мектептердің, музейлердің, кітапханалар, институттар мен ғылымиорталықтардың қорларын біріктіретін бірыңғай білім орталығы ретінде дамиды.

«Қаныш әлемі» порталы мен сайтында Қаныш Сәтбаевтың іргелі 10 томдық шығармалар жинағы, сондай-ақ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен бірлескен жоба аясында дайындалған академиялық еңбектерінің толық 5 томдық жинағы орналастырылған. Бұл материалдар негізгі дереккөздерге жүйелі қолжетімділікті қамтамасыз етіп, оларды оқу және ғылыми жұмыс барысында пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Орталықтың цифрлық экожүйесінің негізгі элементтерінің бірі – геология мамандығының студенттері әзірлеген «Satbayev AI» қосымшасы. Қосымша жарияланған материалдарды біріктіріп, дереккөздермен жұмыс істеу үшін навигация құралы ретінде қызмет атқарады, әрі оқу және зерттеу жұмыстарын қолдайды.

Орталықтың ашылу салтанаты Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған республикалық іс-шаралар жоспары аясында өтті және Сәтбаев университетінің профессоры Бақытжан Амралинованың жетекшілігімен жүргізілген «Академик Қ.И.Сәтбаевтың ғылыми-мәдени мұрасын зерттеу – Қазақстанның ғылыми мектептерін дамыту жолы» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасын іске асыру нәтижесінде жүзеге асты. Бұл жоба ғалымның мұрасын жүйелі түрде зерттеуге, сақтауға және насихаттауға, сондай-ақ білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында дереккөздерге қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған.