
Алматы қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы аясында жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарының ғылыми көрмесі ұйымдастырылды.
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде өткен көрмені ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова бастаған делегация тамашалады. Мұнда 40-тан астам инновациялық жоба келушілер назарына ұсынылды. Көрмеде цифрлы технологиялар, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, нанотехнология, металлургия, тағам өнеркәсібі және өзге де стратегиялық маңызды салалардағы заманауи әзірлемелер таныстырылды. Ғалымдар өз жобаларының тәжірибелік маңызын, өндіріс пен экономикаға енгізу мүмкіндіктерін және коммерцияландыру әлеуетін жан-жақты баяндады.
Соның бірі Satbayev университетінің ғалымдары өндірістік қалдықтар мен жылу электр станциясынан шыққан күлдерді пайдалана отырып, құрылыс материалдарын әзірлеп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес арнайы технопарк құрылып, отандық жоғары оқу орындарын біріктірген консорциум жасақталған. Оған Satbayev университетінен бөлек өзге де отандық ЖОО-лар кірген. Ортақ зерттеудің нәтижесінде цемент және 19 түрлі құрғақ құрылыс қоспалары дайындалып жатыр, оның ішіне кафельді желімдер, сылақтың түрлері кіреді.
«Шығарылған өнім толық сертификатталып, патенттелді. Қазіргі таңда нарықта бар. Жоба аясында Шымкент, Алматы, Өскемен қалаларында өндіріс ашылған болатын. Онда өндірістік қалдықтар негізінде құрылыс материалдары алынады. Инновациялық жобада 100-ден астам адам еңбек етеді, ал әр өндіріс орнында 20-ға жуық қызметкер жұмыс істейді. Біздің өнім нарықтағы аналогтардан кем түспейді. Физикалық қасиеті жағынан сапалы, әрі бағасы қолжетімді», – деді ғылыми жобаның бөлім жетекшісі Руслан Ерғалиұлы.
Сонымен қатар көрмеде жерді қашықтықтан зондтау технологиясы арқылы әзірленген жаңа геологиялық карта таныстырылды. Жобаға геологтар, физиктер, ІТ-мамандар және жерді қашықтықтан зондтау орталығының сарапшылары жұмылдырылған. Барлығы 30-ға жуық зерттеуші қатысқан ауқымды жұмыс нәтижесінде пайдалы қазбаларды барлау мен табиғи ресурстарды тиімді басқаруға мүмкіндік беретін заманауи карта жасалған.
Ал Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары суды тазартудың инновациялық әдісін ұсынды. Зерттеушілер күріш қауызын өңдеу арқылы белсендірілген көмір алған. Осы материалдың көмегімен лас суды тиімді сүзгіден өткізіп, ауыл шаруашылығында қолдануға жарамды таза су алуға қол жеткізген.
Инновациялық әдіс арқылы тазартылған суды егін және мал шаруашылығында пайдалану болады. Бұл жоба экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, су ресурстарын үнемдеуге және аграрлық сектордың тиімділігін арттыруға бағытталған.