Colorado School of Mines филиалының ашылуы: Қазақстандағы инженерлік білімнің дамуы үшін маңызды қадам

Colorado School of Mines филиалының ашылуы: Қазақстандағы инженерлік білімнің дамуы үшін маңызды қадам

Colorado School of Mines филиалының ашылуы: Қазақстандағы инженерлік білімнің дамуы үшін маңызды қадам

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) дамыту, ғылыми және инженерлік кадрларды даярлау, сондай-ақ тау-кен металлургия кешеніне цифрлық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

2024-2025 жылдары Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп өткізілген ғылыми-технологиялық хакатондардың нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Аталған іс-шаралар аясында 23-тен астам өндірістік міндет қаралды. Конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша екі жоба бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның мақұлдауына ие болды. Атап айтқанда, металлургиялық қожды қайта өңдеудің инновациялық әдістерін әзірлеу жобасы (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) және флотация үдерістерін басқаруға арналған жасанды интеллект технологиялары негізіндегі бағдарламалық-аппараттық кешенді әзірлеу жобасы (AGTech).

2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануын ескере отырып, тараптар өнеркәсіптік цифрландыру мен өндірістік үдерістерді автоматтандыруды дамытуға бағытталған үшінші хакатон өткізу бастамасын қарастырды. Сонымен қатар ғылыми жобаларды мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру және жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ-ны қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерін реттеу мәселелері талқыланды.

Келіссөздердің жеке бөлігі кадр даярлау мәселесіне арналды. Қазіргі уақытта Корпорацияның 15 қызметкері бейінді бағыттар бойынша индустриялық PhD бағдарламасы аясында білім алып жатыр. Тараптар осы саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін қарастырды.

Атап айтқанда, тараптар Colorado School of Mines университетінің Ұлытау университетімен бірлесіп филиалын ашу мәселелерін талқылады. Аталған жобаны іске асыру инженерлік және технологиялық білім беру саласындағы білім беру және ғылыми-зерттеу бастамаларын дамытуға, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ озық халықаралық тәжірибелерді енгізуге бағытталған.

Сонымен қатар тараптар бірлескен бағдарламаларды, академиялық ұтқырлықты, ғылыми зерттеулерді және жоғары білікті мамандар даярлауды қолдау мақсатында гранттар бөлу мәселесін келісіп алды. Гранттар ұсыну институционалдық өзара іс-қимылды нығайтуға, зерттеу базасын кеңейтуге және тұрақты ынтымақтастық тетіктерін қалыптастыруға ықпал ететін болады.

Сондай-ақ «Ұлытау университеті» жобасын іске асыру барысы, оның ішінде білім беру қызметін лицензиялау және материалдық-техникалық базаны дамыту мәселелері қаралды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылым, білім және өнеркәсіп интеграциясын нығайту мақсатында өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделі екендерін растады.