
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде JECTIVE HUB ресми түрде таныстырылды. Бұл – жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және технологиялық кәсіпкерлік салаларындағы қолданбалы жобаларды дамытуға бағытталған жаңа буындағы университеттік инновациялық инфрақұрылым. Сонымен қатар жастарды, ғылым мен бизнесті бір экожүйеге біріктіретін Jective.kz цифрлық платформасы іске қосылды.
JECTIVE HUB-ты құру ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған 2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы елдің стратегиялық бағытын қолдауға бағытталған. Оның басты ерекшелігі – жобалардың студенттердің өз бастамасымен жүзеге асырылуы. Бұл бастамада жасанды интеллект саласында жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген, сондай-ақ AI-Sana бағдарламасы бойынша білім алып жатқан жас зерттеушілер мен әзірлеушілердің әлеуеті толық пайдаланылмақ.
Цифрлық трансформацияны жеделдету, жасанды интеллект технологияларын дамыту және өңірлік IT-экожүйені нығайту мақсатында, сондай-ақ JECTIVE HUB бастамасын қолдау үшін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті мен «Astana Hub» «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорының Орал қаласы бойынша филиалы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
JECTIVE HUB – кешенді университеттік платформа. Экожүйе қатысушылары қазіргі цифрлық экономиканың негізгі құзыреттерін меңгереді:
✔ MVP және цифрлық өнімдер әзірлеу;
✔ кәсіпкерлік ойлауды қалыптастыру;
✔ командалық жұмыс және коммуникация;
✔ жобаларды басқару және шешімдерді таныстыру;
✔ технологиялық әзірлемелерді коммерцияландыру.
Экожүйенің орталық элементі – Jective.kz платформасы. Оның мақсаты – студенттерді, оқушыларды, ғылыми сарапшыларды және кәсіпкерлерді бір цифрлық кеңістікте біріктіріп, жастар жобаларын ілгерілету.
Студенттер мен оқушылар үшін платформа тәлімгерлермен байланыс орнатуға, командалар құруға және өз әзірлемелерін коммерцияландыруға мүмкіндік береді. Ал университеттер мен бизнес үшін Jective.kz – дарынды жастарды анықтауға, жаңа технологиялық шешімдердің әлеуетін бағалауға және стартап-командалармен әріптестік орнатуға тиімді алаң.