Профессор Кеңес Жұмановтың 90 жылдығына орай ҚазҰУ-да жаңа білім беру кеңістіктері ашылды

Профессор Кеңес Жұмановтың 90 жылдығына орай ҚазҰУ-да жаңа білім беру кеңістіктері ашылды

Профессор Кеңес Жұмановтың 90 жылдығына орай ҚазҰУ-да жаңа білім беру кеңістіктері ашылды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Физика-техникалық факультеті Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасында саналы ғұмырын физика білімін дамытуға арнаған көрнекті ғалым, профессор Кеңес Жұманов 90 жылдық мерейтойына орай дәріс залы мен оқу зертханасының ашылуы өтті.

Салтанатты шараға ҚазҰУ Басқарма мүшесі - ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов, физика-техникалық факультетінің профессорлары мен оқытушылары, Қазақстан физикалық қоғамының өкілдері, профессор Кеңес Жұманов және студенттер қатысты.

Іс-шара аясында жаңартылған дәрісханалар, «Атомдық физика және нанотехнологиялар» оқу зертханасы, сондай-ақ студенттерге арналған заманауи коворкинг аймағы таныстырылды. Оқу және инфрақұрылымдық мүмкіндіктердің таныстырылымын физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен өткізді.

Құттықтау және ізгі лебіздерімен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов, Қазақстан физикалық қоғамының өкілдері, Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасының меңгерушісі Сандуғаш Коданова, профессор Есенгелді Меңліғазиев, сондай-ақ Нұрлан Жұманов сөз сөйледі.

Кеңес Жұманов 1954-1959 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетінде білім алып, еңбек жолын осы оқу орнында оптика және плазма физикасы саласында бастады. 1973 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

1978 жылы доцент, ал 2002 жылдан бастап профессор ғылыми атағын иеленді. 1994-1996 жылдары кафедра меңгерушісі қызметін атқарып, жалпы оқу курстары бойынша кафедраның оқу-әдістемелік базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлді. Ғалым 50-ге жуық ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің авторы, оның ішінде оқулықтар, электрондық оқу құралдары және Қазақстан ұлттық энциклопедиясына енген мақалалар бар. Оның ғылыми-педагогикалық мұрасы – отандық физика ғылымы мен жоғары білімнің дамуына қосылған елеулі үлес.

Іс-шара барысында оқытушы-ғалымның ұзақ жылдық еңбек жолы мен жетістіктері атап өтіліп, университет басшылығы атынан профессор Кеңес Жұмановқа ғылымға адалдығы және отандық физикалық білім беруді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін зор алғыс айтылды.