
Бүгін, 4 ақпанда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапары аясында Исламабад қаласында Пәкістанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының базасында қазақстандық білім беру және ғылыми орталықтардың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға сондай-ақ Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Шахбаз Шариф, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Пәкістанның Білім және кәсіптік даярлау министрі Халид Мабул Сиддики қатысты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби атындағы орталығы Қайд-и Азам университетінің базасында ашылды. 1993 жылы құрылған орталық 30 жылдан астам уақыт бойы фарабитану ғылымын дамытып, қазақ және шығыс философиясын әлемдік деңгейде насихаттап келеді. Орталықтың толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті материалдық-техникалық база қалыптастырылып, оқу және ғылыми аудиториялар, компьютерлік сыныптар мен кеңсе бөлмелері толық жабдықталған.
Орталықта шетелдік азаматтарға арналған қазақ тілі курстары, сондай-ақ Қазақстанның мәдени мұрасын зерттеуге бағытталған мәдени-ағартушылық іс-шаралар, семинарлар мен ғылыми конференциялар ұйымдастырылады. Сонымен қатар орталық серіктес елдердің жетекші білім беру және ғылыми ұйымдарымен әріптестік байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің Қаныш Сәтбаев атындағы ғылыми-білім беру орталығы Ұлттық ғылым және технологиялар университетінің (NUST) базасында ашылды. Орталық бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын іске асыруға, студенттер мен оқытушылар алмасуын дамытуға, сондай-ақ қазақстандық ғылымды халықаралық деңгейде ілгерілетуге арналған алаңға айналады. Орталық көрнекті қазақстандық геолог, академик Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасына арналған.
Satbayev Center студенттер мен зерттеушілердің бірлесіп жұмыс істеуіне, идеялар алмасуына, халықаралық ғылыми жобаларға қатысуына, PolytechOnline платформасы мен заманауи инженерлік курстарға қол жеткізуіне мүмкіндік беретін заманауи кеңістік ретінде құрылды.
Орталық Азия ислам білімі, мәдениеті және өркениетіне бағытталған Ясауи зерттеу орталығы Исламабадтағы Халықаралық ислам университетінің Ислам зерттеулері институтының базасында ашылды. Орталық ислам және өңірлік зерттеулер саласындағы бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, ғылыми пікірталастар ұйымдастыруға және академиялық диалогты дамытуға арналған интеллектуалдық платформа ретінде жұмыс істейді.
Алдағы кезеңде қазақстандық ғалымдардың Пәкістанға ғылыми сапарларын ұйымдастыру, пәкістандық мамандардың Түркістан қаласында дәрістер оқуы, бірлескен зерттеулер жүргізу және академиялық тәжірибе алмасу жоспарланып отыр.