
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілдерімен бірлесіп, Үндістан Республикасының әріптестерімен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін даярлау және кәсіби тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында қазақстандық делегация сот сараптамасы, криминалистика, цифрлық сараптама және сот медицинасы салаларында маманданған Үндістанның жетекші жоғары оқу орны – Үндістан Ұлттық сот сараптамасы университетіне (National Forensic Sciences University) барды. Келіссөздер барысында тараптар заманауи білім беру бағдарламаларын енгізу және цифрлық криминалистика саласындағы ғылыми-әдістемелік базаны дамыту бағытында тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар Қазақстан аумағында филиал ашу мүмкіндігі қарастырылды.
Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосу мәселесіне ерекше назар аударылды. Аталған бастама криминалистика және цифрлық тергеу салаларында мамандар даярлауда озық халықаралық тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді.
Тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асырудың, профессор-оқытушылар құрамы мен тыңдаушылардың академиялық ұтқырлығын дамытудың, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мен біліктілікті арттыруға арналған мамандандырылған курстар ұйымдастырудың жоғары әлеуетін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайтын тиісті Хаттамаға қол қойды.