
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Еуропалық одақтың ең ірі ғылыми-инновациялық бастамасы – Horizon Europe бағдарламасының конкурстық іріктеуінде жеңіске жетті. Бұл жетістік қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық ғылыми кеңістіктегі беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Аталған жеңіс аясында университет HUMAN-AI атты халықаралық ғылыми жобаның консорциумына ресми түрде қосылды. Жоба жасанды интеллектінің білім беру, ғылым және қоғамға әсерін ескере отырып, жоғары білім беру жүйесін жаңа жаһандық талаптарға бейімдеуге бағытталған.
HUMAN-AI жобасының негізгі мақсаты – жоғары білім беруде жасанды интеллектіні этикалық, адамға бағдарланған және жауапты түрде қолданудың кешенді моделін әзірлеу. Жоба шеңберінде AI-ға бейімделген инновациялық оқыту стратегияларын дамыту, академиялық ортаға сай soft skills жүйесін қалыптастыру, оқу бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарымен үйлестіру көзделген. Сонымен қатар цифрлық сауаттылықты адамгершілік құндылықтармен және жауапты пайдаланумен ұштастыру, технологиялық өзгерістер жағдайында білім берудегі «адам факторын» сақтау мәселелері зерттеледі.
HUMAN-AI – халықаралық деңгейдегі ауқымды жоба. Консорциум құрамына Польша, Эстония, Португалия, Нидерланд, Словакия, Украина, Түркия, Қазақстан, Таиланд және Бразилия елдерінен жетекші ғылыми және білім беру ұйымдары енген. Қазақстан тарапынан жобаны Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Гүлназ Салғараева басқарады.
Бұл жетістік Қазақстанның халықаралық ғылыми қауымдастықтағы позициясын нығайтып, еліміздің жоғары білікті кадрлық әлеуеті мен ғылыми әзірлемелері бар сенімді ғылыми-технологиялық серіктес ретінде танылып отырғанын дәлелдейді.
Айта кетейік, бұл – Horizon Europe бағдарламасы аясында Қазақстаннан мақұлданған екінші жоба. Аталған жаңалық еліміздің еуропалық ғылыми кеңістікте тек қатысушы ғана емес, толыққанды әрі сенімді серіктеске айналып келе жатқанын көрсетеді.