
Ualikhanov University Педагогикалық институтының студенттері Салтанат Айтбекова мен Асылтас Каппасова электр энергиясын өндіруге және мобильді құрылғыларды зарядтауға мүмкіндік беретін спорттық велотренажер негізіндегі инновациялық стартап-жобаны іске асырды. Аталған жоба – Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан өзекті бастамалардың бірі.
Жоба бір мезгілде әлеуметтік және экологиялық маңызы бар бірнеше міндетті шешуге бағытталған. Атап айтқанда, салауатты өмір салтын қалыптастыруды, энергия ресурстарын тиімді пайдалануды және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін дамытуды көздейді. Велотренажер адам бұлшықетінің механикалық күшін жаңартылатын энергия көзі ретінде пайдалану арқылы дәстүрлі электр энергиясына тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді.
Стартап физика, инженерия, информатика және педагогика салаларының тоғысында әзірленіп, оның ғылыми-тәжірибелік әрі білім беру әлеуетін арттыра түседі. Жоба студенттерді, кеңсе қызметкерлерін, жастар мен егде жастағы азаматтарды тұрақты дене белсенділігіне тартуға бағытталған.
Өндірілген электр энергиясы смартфондар, планшеттер және өзге де электронды құрылғыларды зарядтауға пайдаланылуы мүмкін. Бұл шешім стартапты қоғамдық кеңістіктерде, әсіресе электр желісіне қолжетімділігі шектеулі аумақтарда қолдануға мүмкіндік беретін практикалық маңызы жоғары жоба ретінде сипаттайды.
Энергия өндіретін велотренажерді баламалы энергетика қағидаттары мен физика заңдылықтарын түсіндіруге арналған оқу-презентациялық құрал ретінде, сондай-ақ саябақтарда, қорық аймақтарында, туристік маршруттарда экологиялық инфрақұрылым элементі ретінде және спорттық-әлеуметтік нысандарда пайдалануға болады. Жобаның масштабталуы оны кең ауқымда енгізуге жол ашады.
Жобаның ғылыми жетекшісі – математика, физика және информатика кафедрасының профессоры Нұргүл Шуюшбаева. Оның айтуынша, энергия өндіретін велотренажерлерді Көкшетау қаласының саябақтарында, сондай-ақ Бурабай және Зеренді курорттық аймақтарында орнату жоспарланып отыр. Экологиялық тазалығы мен туристік әлеуеті жоғары өңірлер үшін мұндай «жасыл» технологияларды енгізудің маңызы зор.
Аталған студенттік жоба ғылым мен инновацияның тәжірибемен ұштасқан тиімді үлгісін көрсетіп, тұрақты даму қағидаттарын, экологиялық мәдениетті және практикалық бағыттағы білім берудің өзектілігін айқындайды.