
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың (ХҒТО) Атқарушы директоры Карина Ангелиева бастаған делегациясымен кездесу өткізді.
Қазақстан ХҒТО қызметіне 10 жылдан астам уақыт бойы белсенді түрде қатысып, ғылым мен технологиялар саласындағы ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді. Осы кезеңде елімізде орталықтың 50-ден астам жобасы жүзеге асырылып, оған 1500-ден астам ғалым тартылды. 2015 жылдан бастап ХҒТО-ның штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан, бұл Қазақстанның ұйым қызметіндегі стратегиялық рөлін айқындайды.
Кездесу барысында тараптар өткен жылдағы ынтымақтастықтың қорытындыларын шығарып, серіктестікті кеңейтудің перспективалы бағыттарын талқылады.
Карина Ангелиева өзара тиімді ықпалдастықты тереңдетуге, Қазақстанның ХҒТО аясындағы ғылыми-техникалық жобаларға және Horizon Europe сияқты халықаралық бағдарламаларға қатысуын кеңейтуге бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды.
Өз кезегінде министр Саясат Нұрбек ХҒТО-мен орнықты әріптестікті одан әрі дамытуға, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларды іске асыруға Қазақстанның мүдделі екенін растады.