
Шетелдік жоғары оқу орнымен бірлесіп қос дипломды бағдарламалар бойынша оқитын алғашқы қазақстандық студенттер АҚШ-тағы оқу семестрін аяқтап, Қазақстанға оралды. Қозыбаев университеті 2022 жылы Мемлекет басшысының елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасын іске асыруды бастаған алғашқы қазақстандық университет болды. Стратегиялық серіктес – Аризона университеті.
Осы уақыт ішінде ынтымақтастық жобасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Қазіргі таңда 5 қос дипломды және 11 бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша Қазақстан, АҚШ, Ресей, Қытай және басқа да елдерден шамамен 1200 студент білім алады. Қос диплом бағдарламасының студенттері гранттар арқылы (қазақстандық студенттер үшін) толық ағылшын тілінде оқиды. Оқу бағдарламасына сәйкес бір семестр Тусон қаласындағы Аризона университетінің негізгі кампусында өткізіледі.
Биыл 29 төртінші курс студенттері АҚШ-тағы оқудан өтті. Білім беру үдерісіне байланысты барлық оқу шығындары Қозыбаев университетінің есебінен қамтылды. Бұл қаржылық қолдау студенттердің оқу, ғылыми және жобалық қызметіне, сондай-ақ академиялық және мәдени ортаға сәтті бейімделуіне мүмкіндік берді.
Студенттер білім беру бағдарламаларына сәйкес екі топқа бөлінді: 20 адам IT бағыты («Басқарудағы ақпараттық жүйелер») бойынша, қалғандары «Биотехнология» бағдарламасы бойынша оқыды.
Сабақтан тыс уақытта студенттер мұражайлар мен ғылыми-зерттеу кешендеріне экскурсияларға, аймақ бойынша мәдени сапарларға барып, Аризона университетінің кампусында мәдени және спорттық іс-шараларға қатысты. Сонымен қатар студенттер ғылыми жобаларға тартылды, олар кейінгі дипломдық жұмыстардың негізіне айналды.
«Мен үшін академиялық сапар тек жарқын әрі жағымды әсер қалдырды. Жаңа білім беру жүйесіне, мәдениетке және тілдік ортаға бейімделуге тура келді. Мені зертханалық сабақтар, оқудан тыс саяхаттар қызықтырды. Ал практикалық сабақтар құнды тәжірибе берді. Әртүрлі мәдениет өкілдерімен араласу арқылы жаңа достар таптым. Жаңа тәжірибелерге ашық болу керек. Бұл жалпы оқудан барынша пайда алуға көмектеседі деген қорытындыға келдім», – деп бөлісті студент Асель Сағандық.
«Алғашқы аптада сәл қиналдық. Алайда жаңа дағдыларды меңгердік. Ең бастысы өзіңді толғандырған сұрақтарды қоюдан қорықпау керек екен. Кейін оқу барысында АҚШ, Еуропа мен Азиядан келген білім алушылармен достасып үлгердік», – деді студент Полина Кудрявцева.
Бағдарламаға қатысушылар оқуын сәтті аяқтады: барлық 29 студент белгіленген мерзімде Аризона университетінде сессияны жақсы академиялық көрсеткіштермен аяқтап, жоғары дайындық деңгейін растады.